Қушоқы кентінде 5 мыңға жуық адам тұрады
Бір шаршы метрге 400 теңге. Бұл – Қарағанды облысына қарасты Қушоқы кентінің тұрғындарына айтылған жылудың жаңа тарифі. Бұқара аталған бағамен келіспейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тариф титыққа тиіп, тығырыққа тірелген Қушоқы кентінің ондаған тұрғыны жергілікті әкімдіктің алдына жиналды. Кенттегі қазандық күздің қара суығында пәтерлер мен тұрғын үйлерге жылу бере бастады. Бірақ жергілікті жұртқа түгел жетпеген. Жылу құбырын жөндеу жұмыстары да толық аяқталмаған көрінеді. Ал тарифтің күрт өскенін естіген тұрғындар, тіпті төбеден жай түскендей күйде. Өйткені, былтыр ғана қарағандылықтар бір шаршы метр үшін 180 теңгеден төлеген. Биыл бұл баға 400-ге жететін сыңайлы.
"Ыстық суды пайдаланбасын деп осылай жасап отыр. Бірден тарифті 400 теңгеге дейін көтергісі келеді. Бұл жағы ешқандай қисынға келмейді. Тариф неге көтеріледі?" – деді Қушоқы кентінің тұрғыны Оксана Ким.
"Мен бір бөлке нанды да уақытында сатып ала алмаймын. Қара халықтың қамын неге ойламайды? Қашанға дейін шыдауға болады?" – деді зейнеткер Людмила Федоровская.
Жергілікті билік тарифтің қаншалықты көтерілетінін нақты айтқан жоқ. Дегенмен бағаның басқаша құбылатынын жауаптылар жоққа шығармайды. Олар жылдар бойы жергілікті қазандықтың монополист үшін ауыр жүк болғанын алға тартып отыр. Ал компания шығынды азайтуға тырысып жатқан көрінеді. Әйтсе де, ол әрекеттен еш нәтиже жоқ.
"Біздің алдымыздағы компания бір маусымда 180 миллион теңге қарызға батқан. Кейіннен артық шамдарды бұрап, сорғыларды ауыстырдық. Қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Тарифті өзгертіп, жағдайды қалыпқа келтіру керек. Мен барынша күресуге дайынмын. Болмаса өкілеттігімді тоқтатудан қашпаймын," – деді ЖШС жетекшісі Евгений Воронов.
Компанияның қарызға белшеден батқаны белгілі. Қырсыққанда, көмір қоры да 10 күнге ғана жетеді. Ал отынның қарызға берілмейтіні тағы бар. Жұмысы үшін мемлекеттен субсидия алмайтын компания «орталық жылуды сақтаудың жалғыз жолы - тарифті көтеру» дегеннен танбады.
Айта кетейік, Қушоқы кентінде 5 мыңға жуық адам тұрады. Ал жарты ғасыр жұмыс істеп тұрған қазандықтың 50 пайызы тозған.
Жанбота Рахметуллаұлы, Бүлдірген Асығатқызы, Қарағанды облысынан
Оқи отырыңыз: Елімізде жасөспірім қыздар арасында жасанды түсік азаймай тұр