Жылу жүйесі тартылмаған: Ақтауда жаңа үй кешенінің тұрғындары көмек сұрайды

31.10.2024 15:00

Тұрғын үй кешені келісімшарт бойынша 2022 жылы аяқталуы тиіс еді

Ақтаудағы жаңа тұрғын үй кешенінде тұратын бір топ адам баспанамыз талапқа сай емес деп бас көтерді. Олардың айтуынша, құжаты бітпеген кешенді құзырлы орган әлі қабылдамапты. Бірақ жүздеген отбасы ештеңеге қарамастан пәтерлеріне кіріп алған көрінеді. Жаңа баспана қарапайым қызмет түріне мұқтаж. Кешен жылуға да қосылмаған. Тұрғындар биліктен көп күттірген мәселені тез арада шешіп беруді талап етіп отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

"Қазына хаус" тұрғын үй кешені келісімшарт бойынша 2022 жылы аяқталуы тиіс еді. Арада 2 жыл өтсе де, құрылыс әлі күнге дейін аяқталмаған. Жұмысты уақытылы бітіреміз деген мердігер сөзіне сенген жұрт жаңа үйге қоныстанып үлгеріпті. Инфрақұрылымы іске қосылмаған кешенде тұрғындар бүрсең қағып өмір сүріп жатыр. Мұнда жылу желісі тартылмаған, жедел саты мен балалар алаңы да жоқ. Мердігер компанияға қанша барса да, тұрғындар шағымы осы кезге дейін ескерілмеген.

"Биыл үйімізді алып жөндеу жасадық, 70 -ке жуық адам тұрып жатыр. Автономды қазандық құрған. Бірақ ішінде қондырғысы жоқ. Біз қаланың жылу жүйесіне бағынбаймыз. Жылу құбырын құрмаған. Сондықтан тез құруын талап етіп жатырмыз", - дейді қала тұрғыны Әліби Бекболов.

"Осы уақытқа дейін арыз-шағым айттық. Оған құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Тіпті көрген жоқпыз. Бізге ешқандай түсінік жұмыстарын жүргізіп жатқан жоқ. Біздің талабымыз – биыл жылу берілсін. Себебі үйде балаларымыз, қарт кісілеріміз бар. Тоққа қоссақ, жылуды көтере алмай қалуы мүмкін", - деді қала тұрғыны Мейрамгүл Назарбаева.

Құрылыс компаниясынан күдер үзген тұрғындар қала басшылығынан көмек сұрап барған. Үшжақты кездесу нәтижесінде мердігер алдымен жылу жүргізуді қолға алатынын жеткізді.

"Жиналыс барысында мердігер мекеме өкілі өз уәдесін берді ең алдымен жылу жүйесін қосады. Қазіргі уақытта қазандық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылысқа қатысты материалдар келе жатыр. Жылу мәселесін қосқаннан кейін қалған абаттандыру, лифт жұмыстарын істеуге уәде берді", - деді Сәулет және қала құрылысы бөлімінің маманы Бегалы Қожахметов.

Ал үйдің құжаты дайын болуы үшін алдымен мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын толық аяқтауы керек. Содан кейін ғана мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы жаңа кешенді рәсімдеп, есепке алмақ.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрболатұлы, Аlmaty TV, Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз: Алматы орталығындағы саяжолға 15 жылдан соң жөндеу жүргізілді