Алматы орталығындағы саяжолға 15 жылдан соң жөндеу жүргізілді

Жоба "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасының аясында жүзеге асқан

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматыдағы Абай даңғылында орналасқан саяжолға 15 жылдан соң жөндеу жүргізіліп, құрылыс жұмысы толығымен аяқталды. Соның нәтижесінде 5,2 гектар аумақ абаттандырылып, көркейе түскен. Атап өтер жайт, жоба "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасының аясында жүзеге асқан, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Ұзақ уақыт өткеннен кейін қайта жанданған саяжол Абай даңғылының бойында, нақтырақ айтсақ, Сәбит Мұқанов және Тұрғыт Озал көшелерінің аралығында орналасқан. Ұзындығы – 2,6 шақырым. Аллеяны жаңғырту жұмысы биыл мамырда басталып, 5 айдың ішінде бұл аймақ өзгеше реңге боялып шыға келді. Құрылыс кезінде сапалы материалдар қолданылыпты. Шамамен 5000 метр жиектас орнатылып, 21 мың шаршы метр аумаққа көгал егілген.  

Қала тұрғындарының еркін қозғалысы мен жайлылығы үшін мұнда қажетті әрі қолайлы жағдайдың бәрі жасалған. Тіпті, кішігірім алтыбақандар да орналастырылыпты. Келушілер көңіл көтеріп, бір жағынан ұлттық ойынды еске түсіріп, әсерленіп қайтады. 

"8 мың шаршы метрге кеспетас салынды. 110 сәкі және 110 қоқыс жәшігі қойылды. 120 жарық шамы орнатылып, көгал егілід. Суару жүйесі қалпына келтірілді", - деді Бостандық ауданы әкімі аппараты көріктендіру бөлімінің басшысы Арман Мизамбеков.  

Жоба аясында жасыл желекті суаруға арналған ұзындығы 10 мың 800 метр су құбыры жаңартылды. Сондай-ақ 2 500 тал отырғызылды. Тіпті, саяжолда әткеншектің түр-түрі де бар.

"Бұрын мұнда ештеңе жоқ болатын. Топырағы шығып жатқан жер болатын. Енді қазір кеспетас төсеп, көріктендіріп қойыпты. Арлы-берлі балалармен серуендеп жүргенге де жақсы", - деді қала тұрғыны Биғайша Алмашева.

"Алтыбақан жасап қойған. Алтыбақан – қазақтың баяғыдан келе жатқан дәстүрлі ойындарының бірі. Қазіргі жастарға, балаларға өте керемет деп ойлаймын. Алматыда осындай өзгерістер болып жатқаны көңіл қуантады", - деді қала тұрғыны Әннұр Рахим.

Еске салайық, қазір абаттандыру жұмысы Гагарин көшесінің бойымен Жандосов пен Абай даңғылдарының аралығындағы саяжолға да жүргізіліп жатыр. Құрылысты жуық арада аяқтау көзделіп отыр.

Рүстем Айткәрім, Мейрам Исабеков, Аlmaty TV

Оқи отырыңыз: Бет-әлпеттегі өзгерісті де анықтайды: Алматыдағы "ақылды камералар" нәтиже бере бастады

Новости партнеров