Шаһарда өртенуге бейім 5 мың 605 баспана бар
Алматыда жылыту маусымына дайындық басталды. Шаһарда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оқыс оқиғаның санын азайтуды көздейтін ауқымды науқан ұйымдастырылған. Әсіресе, отынмен жылитын әрі қауіпті аймақта орналасқан үйлер ерекше бақылауға алынды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, негізгі алдын алу іс-шаралары 15 тамызда басталған. Қазір 151 мыңнан астам жеке тұрғын үй есепте тұр. Сондай-ақ қатты отынмен жылитын 1450 үй мен өртенуге бейім 5 мың 605 баспана бақылауға алынған.
«Халықты құлақтандырып, оқыс жағдайдың алдын алу үшін насихаттау мен түсіндірме жұмысы да қолға алынды. Әлеуметтік осал топтағылар тұратын 686 үй мен ақыл-есінде кемістігі бар адамдар тұратын 2067 баспана қауіптілер санатына кіреді. «Қауіпсіз пеш», «Таза түтін» мен «Көмек қолы» деп аталатын акциялардың аясында осылардың барлығы тексеруден өтті», – деді ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Константин Канин.
Сондай-ақ төтеншеліктер жеке сектордағы және көпқабатты үй тұрғындарымен кездесіп, баспаналарды аралап шығады. Азаматтарға өрт қауіпсіздігінің талаптарын түсіндіріп, жылыту құрылғыларын қауіпсіз пайдалануға қатысты нұсқаулықтар мен буклеттер таратады.
Оқи отырыңыз: Алматының Әуезов ауданында жаңа демалыс және спорт аймағы пайда болды