Жол апатына кім кінәлі: Алматы облысында қара жамылған отбасы әділдік талап етіп отыр

25.06.2026 20:37

Көлік оқиғасынан бір отбасының 3 мүшесі қаза тауып, кәмелет жасына толмаған екі бала мен 10 айлық сәби ауыр жарақат алған

Алматы облысында жантүршігерлік жол апатынан қайтыс болған марқұмдардың туыстары істің әділ қаралғанын қалайды. Сөздерінше, көлік оқиғасынан бір отбасының 3 мүшесі қаза тауып, кәмелет жасына толмаған екі бала мен 10 айлық сәби ауыр жарақат алған, 

Жантүршігерлік апат дәл осы жерде болған. Куәгерлердің сөзінше, Audi көлігі мына бағытпен Малыбай ауылына бет алған. Ал Хавал темір тұлпары өз жолына түспей, қарсы бағытқа шыққан. Апатты көзбен көргендер «бұл саналы түрде болған іс» дейді. Өйткені қытайлық көлік 2 км бойы дәл осы жолмен жүріп келген.

«Айтудың өзі мүмкін емес. Ағамның жартысы жоқ, Хавал көлігі қарсы бағытта келген,   2 км жерде демалатын жер бар. Ар жағында 200 метр жерде бұрылыс бар, мына жағында Шелекке кететін көпір тұр, бірақ ешқайда бұрылмай, қарсы бағытпен келген», – деді куәгер Шухрат Асанов.

 Туыстарының сөзінше, Әбдірасіловтер жанұясы сол күні Шелек ауылынан Малыбай елдімекеніне келе жатқан. Көлікте әкесі, әйелі, екі қызы мен баласы және 10 айлық немересі болған екен. Ауыр соққыдан 20 жастағы қызы мен отағасы трасса бойында тіл тартпай кеткен. Ал 41 жастағы әйел жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөлімінде жан тапсырыпты.

«Әділдік болсын, әділдік сұраймын. Інімнен айырылдым. Екі баласына кім қарайды енді? Біз жарайды қараймыз, ата-анасындай болмайды ғой», – деді марқұмдардың туысы Анар Әбдірасілова. 

Марқұмдардың жақындары іс созбалаңға созылып, бармақ басты, көз қысты әрекет болуы мүмкін деп алаңдайды. Өйткені қарсы бағытқа шыққан көлікті полиция қызметкері басқарған. Тіпті 2 күн өтсе де, жүргізушінің мас күйде болғанын анықтайтын сараптама қорытындысы жарияланбапты.

«Сол күні алған анали әлі дайын емес. Артында отырған Бақтияр деген бала «арақты жүргізуші алған, бәріміз іштік» дейді. Оның сөзін бәрі естіді», – деді марқұмдардың туысы Гүлнәр Махаметова. 

Ал Алматы облыстық Полиция департаменті аталған іске байланысты қылмыстық іс қозғаған. Сөздерінше, жағдай ерекше бақылауда.

«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеп тексеру жүргізілуде», – деді Полиция департаменті бастығының орынбасары Дәурен Құтпанов.

 Бүгінде жол апатынан зардап шеккен 4 адам Шелек аудандық ауруханасында жатыр. Оның екеуі - бала. Дәрігерлердің сөзінше, жағдай тұрақты. Ал Хавал көлігін тізгіндеген ер адам жансақтау бөлімінде. Арнайы жасақ кінәлі деп танылған азаматты күні-түні күзетуде.

«10 айлық бала бір тәулік аурухана жатты, ертесі таңертең облыстық балалар ауруханасына ауыстырдық. Жарақаттары болды, бірақ өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Ал 1 қыз бен 2 бала болды. Ол балалар қазір осында жатыр. 14 жастағы баланың жамбас сүйегі сынған, бірқалыпты жағдайы. Қыз баланың да жағдайы бірқалыпты. Тек төс сүйектің тқменгі тұсы сынған», – деді  Шелек аудандық ауруханасы директорының орынбасары Самат Әшенов.

Жол апатынан қайтыс болғандар кеше жер қойнауына тапсырылды. Айдың күннің аманында жақындарынан айырылған отбасы енді құқық қорғау қызметкерлерінен тек әділ шешім күтеді. 

Диана Тұрлыбек, Ернат Болатбек, Алматы облысынан.