Ауыл жолдарын жөндеуге бөлінген 50 млн теңге уақытылы игерілмегендіктен облыстық бюджетке кері қайтарылған
СҚО-да Новомихайловка ауылының жұрты талай жылдан бері жол азабын тартып келеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ауылдағы ағайынның айтуынша, орталыққа апаратын бар-жоғы бір шақырымдай жолмен өту нағыз сынаққа айналған. «Шұңқырды айналып өтіп, батпақ кешіп жүрген жұрт қыста жағдай тіпті қиындай түседі» дейді.
«Көлігіміз жиі сынады. Бүгін жұмысыма бармақ болып, тағы да батпаққа батып қалдым. Темір тұлпарымның жарық шамдары сынған. Қазір оның біреуінің өзі 15–20 мың теңге тұрады. Шығындалып жүрміз. Жүріп-тұру нағыз азапқа айналды», – деді Новомихайловка ауылының тұрғыны Андрей Лопухин.
Айналма жол бар, бірақ ол тек ауыр техникаға арналған. Тұрғындар жаңбырлы күндері тіпті жұмыста қалуға мәжбүр болатынын айтып, шағымданды.
«Жаңбыр жауса, үйге қайтқым келмейді. Жұмыста түнеймін, лаймен жүріп, үйге жету өте қиын. Батпақты кезіп шаршадық», – деді Новомихайловка ауылының тұрғыны Татьяна Штробля.
Екі жыл бұрын жергілікті билік ауыл ішіндегі көшелер жөнделеді деп уәде берген. Тіпті мердігер компания тағайындалып, қиыршық тас жеткізіле бастапты. Алайда сонымен шаруа тоқтап қалған.
«2023 жылы аудан әкімі жобалық-сметалық құжаттарды жасауды тапсырды. Жобалауға 2 жарым миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Мердігермен келісім жасалды. Бірақ екі жарым жыл өтті, ешқандай нәтиже жоқ, – деді Новомихайловка ауылының тұрғыны Наталья Коровина.
Аудан әкімдігі ауыл жолдарын жөндеуге 50 млн теңге бөлінгенін айтты. Бірақ қаржы уақытылы игерілмегендіктен облыстық бюджетке кері қайтарылған.
«Келісімшарт екі жылға жасалды. Жұмыс биыл басталып, 2026 жылы аяқталуы керек еді. Мердігер тек инертті материалды әкелген, ал негізгі жұмыстың өзіне кіріспеген. Сондықтан оған ақы төленген жоқ. Келісімшартқа сәйкес жөндеуді жалғастыру үшін барлық шараны қолға аламыз», – деді Мамлют ауданының әкімі Елена Степаненко.
Енді жыр болған жолдың жөндеуі қашан басталатыны белгісіз. Бірақ жергілікті жұрт мәселені жақын арада қолға алуды талап етіп отыр.
Әйкерім Пернебек, Пётр Акутионов, СҚО
Оқи отырыңыз: Ақтауда салымшылар заңсыз құрылысқа ақша салып, далада қалған