Жол да, су да жоқ: Тараздағы саяжай тұрғындары қала әкіміне шағымданды

24.07.2026 21:11

Саяжайда 150-ден астам отбасы тұрады

Тараздағы Жаңа Жамбыл саяжайы қалаға бір жарым жыл бұрын қосылған. Алайда жағдай әлі түзелмеген. Қағаз жүзінде қала атанғанымен, тұрғындар инфрақұрылым игілігін көре алмай отыр. Жол жоқ, ауыз су мәселесі шешілмеген, қоғамдық көлік қатынамайды. Ал жарықтың жиі сөнуі мұндағы жұрт үшін қалыпты жағдайға айналған. Ашынған жұрт бүгін қала әкімімен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жаңа Жамбыл саяжайындағы жер телімдері кезінде химия өндірісінде жұмыс істеген азаматтарға берілген. Қазір мұнда 150-ден астам отбасы тұрады. Бір жарым жыл бұрын Тараз қаласына қосылғанымен, елдімекенде қажетті инфрақұрылым әлі қалыптаспаған. Әлеуметтік нысан жоқ. Орталықтандырылған су жүйесі тартылмаған. Көшелер жөнделмеген. Тұрғындар ең алдымен ауыз су мәселесі шешілсе дейді.

«Ішетін су жоқ. Бұрын 15 метр жер қазатынбыз, қазір су шығару үшін 50 метр қазу керек. Қаладан тасып ішіп жатырмыз, сосын жол мәселесі бар», – деді қала тұрғыны Жұмағазы Оразбаев.

 Аумақта көшелердің аты, үйлердің номері болмағандықтан жедел жәрдем мен құтқару қызметтері мекенжайды таба алмай қиналады. Ал, жылдар бойы жол салынбаған соң, тұрғындар мәселені өздері шешуге мәжбүр болған.

«Көктемде жолды тегістету үшін 150 мың ақша төледік, арнайы техника жалдадық. Басты мәселе – су. Көшеміздің аты, үйіміздің нөмірі жоқ. Жедел жәрдем таппайды. 2-3 күн бұрын өрт шықты. Өрт сөндірушілер бір сағат айналып таппаған», – деді қала тұрғыны Айкен Мамытов.

Шыдамы таусылған тұрғындар қала әкімімен кездесіп, бар мәселені айтты. Шаһар басшысы қордаланған мәселелерді ауыз суынан бастап біртіндеп шешілетінін айтты.

«2027 жылы су мәселесін шешеміз. Жобасы дайын. Ал жол мәселесін 2028 жылға қалдырамыз. Сондықтан сіздерді ешкім ұмытқан жоқ. Барлық мәселені тізіп, жоспарлы түрде жұмыс атқарылады», – деді Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков.

Қала әкімі айтылған мәселелерді бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ елдімекенді уақытында картаға енгізбеген жауапты тұлғаларға ескерту жасалды.

Сонымен қатар көшелердің атауы мен үйлердің реттік нөмірі реттелетін болды.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан

Оқи отырыңыз: Алматыда кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен балалар құқығы талқыланды