Жұқа мұз үш адамның өмірін қиды: Қарағанды облысында қайғылы оқиға болды

здестіру-құтқару жұмыстарына дрон, жылу көрсететін дүрбі және сүңгуірлер жұмылдырылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қарағанды облысында балық аулауға шыққан үш адам суға батып кетті. Қайғылы оқиға Бородиновка ауылынан 15 шақырым жерде болған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Шахтинск қаласының тұрғындары таңсәріде Есен өзеніне балық аулауға аттанған. Алайда түнде құтқарушыларға олардың жоғалып кеткені туралы хабар түскен.

Іздестіру-құтқару жұмыстарына дрон, жылу көрсететін дүрбі және сүңгуірлер жұмылдырылды. Құтқарушылар бір жарым сағат ішінде үш адамның денесін жағадан он қадамдай жерде, екі жарым метр тереңдіктен тапқан.

Алдын ала болжам бойынша, балықшылар мінген жұқа мұз олардың салмағын көтере алмай, опырылып кеткен.

Іздестіру-құтқару операциясына төтенше жағдайлар департаментінің, кинология қызметі мен полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы орган өкілдері және жоғалған азаматтардың туыстары қатысты.

«Іздестіру-құтқару операциясына төтенше жағдайлар департаменті, кинология және полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы орган өкілдері мен жоғалған азаматтардың туыстары қатысты. Тұрғындарға жұқа мұздың үстіне шықпауды және қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеміз. Су айдындарында болған кезде міндетті түрде құтқару кеудешелерін кию керек», – деді Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Нұржан Жақатаев.