Жүк лифтісіне қысылып, көз жұмған перзентхана қызметкерінің ісіне нүкте қойылды

26.12.2025 18:31

сот Жанна Дильманованы кінәсіз деп тауып, оның әрекетінде қылмыс құрамы болмағандығын мәлімдеді

Жүк лифтісі мен шахтаның арасына қысылып көз жұмған перзентхана қызметкерінің ісіне нүкте қойылды. Бұған дейін аталған оқиға бойынша Орал қалалық перинаталдық орталығының директорына «міндетіне салғырт қарау» айыбы тағылған. Алайда бүгін сот Жанна Дильманованы кінәсіз деп тауып, оның әрекетінде қылмыс құрамы болмағандығын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Процесс барысында бұрынғы басшының жауапкершілігі мекемені басқарумен ғана шектелгені және жеделсатылардың қауіпсіздігі арнайы лицензиясы бар ұйымның құзыретінде болуы тиіс екендігі анықталды.

Еске сала кетейік, Батыс Қазақстан облысындағы жағдай 4 жыл бұрын болған. Марқұм таңертең мекемедегі лифтіге кірмек болғанда, жеделсаты техникалық ақауға байланысты өздігінен қозғалып, әйел екі ортада қысылып көз жұмған.

«Сот Дильманова Жанна Ахметқызын Қылмыстық кодектің 254-бабы бойынша көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деп тануға негіз жоқ деп шешіп, оны кінәсіз деп таныды. Сонымен қатар заңсыз қылмыстық жауапкершілікке тарту салдарынан келтірілген зиянды өтеу құқығы танылды. Ал жәбірленушінің материалдық және моральдық зиянын өтеу туралы азаматтық талабы қараусыз қалдырылды», – деді Орал қалалық сотының судьясы Айзада Жұмағұлова.

Оқи отырыңыз: Бағдаршам жоқ: Түркістан облысында 400-ден аса қауіпті учаске анықталды