Бағдаршам жоқ: Түркістан облысында 400-ден аса қауіпті учаске анықталды

Облыстық прокуратураның бастамасымен мамандар өңірдің 17 аудан, қалаға кешенді тексеру жүргізді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістан облысы адам өлімімен аяқталатын жол-көлік апаттары бойынша ел көлемінде алдыңғы қатарда тұр. Соңғы үш жылда өңірде 3 мыңнан аса жол апаты тіркеліп, 800-ден көп адам қаза тапқан, 4 мың тұрғын түрлі деңгейде жарақат алыпты деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл – 60 мыңға жуық халық тұратын Шұбарсу ауылы. Елдімекенде мектеп пен балабақша көп болса да, жүргіншілер өткелінде жол белгілері, бағдаршамдар мен бейнекамералар жеткіліксіз. Тұрғындар «бұл әсіресе таңертең және кешкісін балаларға қауіп төндіреді» дейді.

«Қауіпті жол айырығында 10 шақты күн бұрын 3-4 көлік қатар соғысып қалды. Бағдаршам, «Сергек» камерасы қою керек. Халық та, көлік те көп. Былтыр мектебіміздің алдында 2 оқушыны қағып кетіп, біреуі қайтыс болды», – деді Шұбарсу ауылының тұрғыны Әбілқасым Ахметов.

Жамбыл облысына апаратын Ұланбел – Созақ – Шаян – Екпінді автожолында да жол апаттары жиі тіркеледі. Соңғы үш жылда бұл бағытта 50-ге жуық жол-көлік оқиғасы болған. Жол апатына жылдамдықты шамадан тыс арттыру және қараусыз қалған малдың жолға шығып кетуі себеп болған.

 «Жолақтар орнатты және үй жануарларының жолға шығып кетпеуін алдын алу мақсатында 3 шақырым жерге қоршау шарбақтары орнатылды. Қазіргі таңда Түркістан облысы прокуратурасының бастамасымен жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында макеттер орнату, жылдамдықты өлшейтін «Мерген», «Сергек» камераларын орнатуға ұсыныс берілді», – деді Бәйдібек аудандық ПБ Әкімшілік-полициялық басқармасының бастығы Алмас Тұрымбеков.

Облыстық прокуратура мамандары 17 аудан мен қаладағы жолдарды тексеріп шыққан.  Нәтижесінде 400-ден аса қауіпті учаске анықталыпты. Енді бұл жерлерге «Сергек» бейнебақылау жүйесі, жаңа жол белгілері мен жасанды жол кедергілері орнатылмақ.

Оқи отырыңыз: Ақтауда ұшақ апатының құрбандарына ескерткіш тақта орнатылды

Новости партнеров