Жұмысқа қайта орналасу құқығына қатысты нормалар Конституцияға сәйкес емес деп танылды

13.06.2026 15:09

Конституциялық Соттан хабарлағандай, іс азаматтардың өтініштері негізінде қаралды

Аlmaty.tv

Қазақстанның Конституциялық Соты азаматтардың жұмысқа қайта орналасу және сот шешімдерін қайта қарау кезінде құқықтарын шектейтін бірқатар заң нормаларын Конституцияға сәйкес емес деп таныды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Конституциялық Соттан хабарлағандай, іс азаматтардың өтініштері негізінде қаралды. Өтініш иелерінің бірі қызметтік тексеру қорытындысымен ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарылған. Кейін соттар оның жұмысқа қайта алу туралы талабын қараудан бас тартып, сотқа жүгіну мерзімінің өтіп кеткенін алға тартқан.

Алайда кейін қылмыстық іс бойынша сот талқылауы барысында оның қызметтік тәртіпті бұзғаны дәлелденбеген. Соған қарамастан қолданыстағы заңнама оған бұрынғы сот шешімдерін қайта қарауға мүмкіндік бермеген.

Тағы бір жағдайда азамат сот актілерінің өзара қайшы келуіне қарамастан, өз ісін қайта қарата алмағанын айтып шағымданған.

Конституциялық Сот Азаматтық процестік кодекстегі даулы нормалар азаматтардың сот арқылы тиімді қорғалуға деген құқығын шектейтінін атап өтті. Соттың пікірінше, кейін қабылданған сот актісі бұрынғы шешімнің негізсіз болғанын көрсетсе, азаматтың істі қайта қаратуға мүмкіндігі болуы тиіс.

Осыған байланысты Конституциялық Сот аталған нормаларды Конституцияға сәйкес келмейді деп таныды.

Сонымен қатар Сот еңбек заңнамасына тиісті өзгерістер енгізілгенге дейін құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдар қызметкерлерін жұмысқа қайта орналастыру туралы даулар бойынша сотқа жүгінудің бір жылдық мерзімін қолдану қажет екенін көрсетті.

Сондай-ақ жаңа немесе жаңадан анықталған мән-жайлар пайда болған жағдайда азаматтық істер бойынша сот шешімдерін қайта қарау мүмкіндігі сақталуы тиіс деген ұстаным білдірілді.

Оқи отырыңыз: Жетісу облысында мемлекеттік сатып алудағы заңсыздыққа жол берілмеді