Жамбылдағы химия кәсіпорнында еңбек өтілі 100 жылға жуық отбасы жұмыс істейді

Аймақтағы оқу ордалары зауыттан бастап кішігірім цехтарға дейін маман даярлайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбылдағы химия кәсіпорындарында 10 мыңға жуық жұмысшы маман еңбек етеді. Олардың арасында сан жыл қызметте жүрген еңбек династиялары бар, деп хабарлайды Almaty.tv.

Аймақтағы тыңайтқыш шығаратын зауытта 3 мыңға жуық жұмысшы маман еңбек етуде. Олардың арасында 20-дан аса династия бар. Солардың бірі –Маралбаевтар отбасы. Шахноза Маралбаеваның ата-анасы мен жұбайы осы зауытта еңбек еткен. Өзі де 16 жылдан бері кәсіпорында медицина пунктінде жұмыс істеп келеді. Жалпы отбасының еңбек өтілі - 96 жыл.

«Менің әкем зауыт үшін жарты өмірін арнады. Сосын өндіріске қаншама күш салды. Анам осы зауытта істейді. Зауыт біз үшін жұмыс орны емес, отбасы сияқты ыстық», – деді Жедел жәрдем пунктінің меңгерушісі Шахноза Маралбаева.

Ал Айдар Ахметов химия өндірісіне 41 жылын арнаған. Ол зауытқа 17 жасында жұмысқа қабылданып, бүгінге дейін бір орында еңбек етіп жүр. Зауыттың қиын кезеңдерінде жалақысыз сүйген мамандығын тастамай, бүгінге дейін қызмет етті.

«Еңбегімді мен жақсы көріп сүйіп жұмыс істедім, 41 жыл болды. Жастарға айтарым еңбектен қашпаңыздар. Зауыт өте жақсы, уақытында айлығын беріп тұрады. Киім, тамағымен қамтамасыз етеді», – деді жөндеу цехының ағаш ұстасы Айдар Ахметов.

Өңірде жыл санап жұмысшы мамандарына сұраныс артып келеді. Сондықтан жергілікті бюджеттен 223 млн теңге бөлініп, білікті кадр даярлау үшін 6 кешен ашылды.

«Жаңатас көпсалалы колледжінде Auto hub, Құлан агротехникалық колледжінде Агро hub ашылды. 9-Меркі колледжінде ІТ hub. Бүгінгі күні бұлар заманауи тұрғыда жұмысшы мамандығында оқитын студенттерді нағыз еңбек адамы ретінде заманауи үлгідегі құрал жабдықтармен жұмыс істей алатындай, кәсіпорынға дайын жұмыскер дайындап жатыр», – деді облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы Алтынай Жайлышева

Аймақтағы оқу ордалары зауыттан бастап кішігірім цехтарға дейін маман даярлайды. Биыл колледждерге жұмысшы мамандар дайындау үшін 4,5 мың грант бөлінді. Жалпы облыстағы колледждердегі 46 мамандықта 12 мыңнан аса студент жұмысшы мамандығын тегін меңгеріп жатыр.

Нұрғиса Қаржаубай,  Мейіржан Бейсебай,Тараздан

Оқи отырыңыз: Жаңа жыл қарсаңында қызылордалық 120 отбасына пәтер кілті табысталды

Новости партнеров