Жұмыссыз азаматтардың атын пайдаланып, мемлекет қаржысын жымқырғандар сотталды

26.11.2025 17:20

Олар 78 адамды жалған түрде жұмысқа тұрғызған

Түркістанда жұмыссыз азаматтарды қағаз жүзінде жұмысқа орналастырып, мемлекет қаржысын жымқырғандар сотталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қаржылық мониторинг агенттігі ашқан бұл істің артында «Еңбек мобильділігі орталығының» бұрынғы басшысы, бөлім қызметкері және бірнеше кәсіпкер бар. Олар 78 адамды жалған түрде жұмысқа тұрғызып, 49 миллион теңгеден астам қаржыны заңсыз иемденген. Тергеу кезінде кәсіпкерлердің электронды цифрлық қолтаңбасы арқылы жалған өтінімдер беріліп, жұмыс уақыты жүйеге жасанды түрде енгізіліп келген. Кейін бұл қаражат қолма-қол шешіліп, схемаға қатысушылар арасында бөлінген.

«Соттың үкімімен үш кінәліге 4 жыл 6 айдан 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Екі кәсіпкерге 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы белгіленді. Сонымен қатар мемлекетке келтірілген залал сотталушылар тарапынан толық көлемде өтелді», – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.

Оқи отырыңыз: Жүйедегі олқылық: алматылық тұрғын электронды платформада сатып алған баспанасына кіре алмай жүр