Жүргізуші куәлігіне арналған теориялық емтиханды онлайн тапсыруға болады

Ол үшін алдымен eGov Mobile қосымшасына кіріп, «ХҚКО қызметтері» бөлімінен «Теорияны онлайн тапсыру» қызметін таңдау қажет

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстандықтар жүргізуші куәлігін алуға арналған теориялық емтиханды енді онлайн тапсыра алады. Ол үшін арнайы орталыққа барудың қажеті жоқ, компьютер немесе ноутбук болса жеткілікті. Әзірге бұл мүмкіндік Астана қаласында іске қосылды. Жаңа бастама азаматтардың уақытын үнемдеп, емтихан тапсыруды жеңілдетуге бағытталған. Ал сынақты дәстүрлі форматта тапсыру тәртібі де сақталады. Яғни әркім өзіне қолайлы жолды таңдай алады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық емтиханға айлап кезек күтудің қажеті жоқ. Енді тестті онлайн, қашықтан тапсыруға болады. Ол үшін алдымен eGov Mobile қосымшасына кіріп, «ХҚКО қызметтері» бөлімінен «Теорияны онлайн тапсыру» қызметін таңдау қажет. Одан кейін жүргізуші куәлігінің санатын белгілеп, 1414 нөмірінен келген SMS арқылы дербес деректерді пайдалануға келісім беріп, қызмет ақысын төлеу керек. Төлем жасалған соң eGov порталындағы жеке кабинетте тест тапсыруға арналған арнайы сілтеме пайда болады. Ол 30 күн бойы жарамды және тек өтініш берушінің өзі пайдалана алады.

Емтихан кезінде түрлі айла-тәсілге жүгініп, бақылаудан тыс қалуға болады деп ойласаңыз, қателесесіз. Тестілеу барысында талаптар қатаң сақталады. Үміткердің жеке басын сәйкестендіру және оның әр әрекетін бақылау құралдары қолданылады.

«Прокторинг жүйесі емтихан кезінде үміткерді автоматты түрде тексереді. Ең алдымен, биометриялық сәйкестендіру арқылы тест тапсырып отырған адамның жеке басы расталады. Сондай-ақ камера арқылы бөлмеде бөгде адамдардың бар-жоғы бақыланады. Егер кадрда басқа адам байқалса, емтихан бірден тоқтатылып, бұл әрекет есепке алынбайды. Бұдан бөлек, прокторинг камерасы үміткерден бөлмені 360 градусқа айналдырып көрсетуді сұрайды», – деді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ департамент директоры Нұргүл Ысқақова.

Бұған дейін жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық емтихан тапсыруға уақыт таба алмай жүргендердің бірі – Темірлан Ердәулетов. Онлайн тестілеу тәртібі оның мәселесін шешуге көмектескен. Енді ол емтиханды өзіне ыңғайлы уақытта тапсыра алады. Қажетті өтінімін де беріп үлгерген.

«Ол жаңалыққа өте қатты қуаныштымын. Себебі бұрын бізге арнайы ХҚКО-ға барып, кезек күтуге тура келетін. Одан кейін де уақытың кетеді. Күнде жұмыста болғандықтан, бара алмайсың. Қазір мен жүргізуші куәлігін алғым келеді, емтихан тапсырғым келеді. Оған бір айдан бері дайындалып жүрмін. Енді осы жаңалықты естігеннен кейін осы аптада eGov арқылы тіркеліп, тапсырамын», – деді қала тұрғыны Темірлан Ердәулетов.

Емтиханды күн сайын сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін тапсыруға болады. Қызмет құны – 30 мың теңге. Осы талаптар мен бағаға қатысты қала тұрғындарының да пікірін білдік.

«Өзім теориялық емтиханды жақында тапсырдым. Үш-төрт күн болды. Бұл жаңалық кезекті қысқартуға көмектесетін шығар. Қазір теориялық емтиханға жазылу үшін бір жарым ай күту керек. Уақыты тығыз адамдар үшін онлайн тапсыру тиімді», – деді қала тұрғыны Дастан Қараев.

«Менің құрбым қазір автомектепте оқып жүр. Алдағы аптада теориялық емтихан тапсырады. Онлайн тапсыру мүмкіндігі бар екенін көрген, бірақ бағасы 30 мың теңге екенін естігенде, сәл ойланып қалды. Қымбат. Егер емтиханнан өте алмай қалсаң, 30 мың теңге босқа кетеді», – деді қала тұрғыны Айнагүл Мүбәрәкова.

Айта кетейік, онлайн емтихан тапсыру үшін үміткер бірнеше талапқа сай болуы керек. Атап айтқанда, автомектепті бітіргені туралы куәлігі мен жарамды медициналық анықтамасы болуы және диспансерлік есепте тұрмауы қажет. Сондай-ақ Астана қаласында тұрақты тіркеуі болуы міндетті.