Жыл басынан бері 200-ден астам құқық бұзушы жолаушылар пойызынан түсірілген

16.05.2026 10:49

Құқықбұзушылықтардың басым бөлігі ішімдікті шамадан тыс тұтынға байланысты болады

polisia.kz

Жыл басынан бері 200-ден астам құқық бұзушы жолаушылар пойызынан түсірілді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жыл басынан бері көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері жолаушылар пойыздарында жасалған 255 құқықбұзушылықты анықтады.

Статистикаға сәйкес, құқықбұзушылықтардың басым бөлігі алкогольдік ішімдіктерді шамадан тыс тұтынға байланысты болады. Осындай 225 дерек тіркелген.

Сонымен қатар 17 ұсақ бұзақылық фактісі және өзге де құқықбұзушылықтар анықталды. Мәселен, Бейнеу станциясында көлік полицейлері Маңғыстау – Алматы бағытындағы жолаушылар пойызынан пойыз бастығының актісімен Қызылорда облысының 35 және 44 жастағы екі тұрғынын түсіріп тастаған. Аталған азаматтар вагонда алкогольдік ішімдік ішіп, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған және өзге жолаушыларға қолайсыздық туғызған.

Құқық бұзушылар қоғамдық орында алкогольдік ішімдік ішкені және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынды. Сондай-ақ ұсталғандардың бірінің бұған дейін де осыған ұқсас құқықбұзушылық үшін жауапкершілікке тартылғаны анықталды.

Көліктегі ПД азаматтарды айналасындағыларға құрметпен қарап, сапар барысында тәртіпті сақтауға шақырады.

Ведомство өкілдері алкогольдік ішімдіктерді шамадан тыс тұтыну көбіне құқыққа қайшы әрекеттерге себеп болып, жолаушылар қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін еске салды.

Оқи отырыңыз: Алматылық дәрігерлер италиялық туристің өмірін аман алып қалды