Жыл басынан бері инватакси қызметіне 170 мыңнан астам тапсырыс берілген

05.06.2026 10:38

Ал сәуір айында берілген тапсырыс саны 22 мыңнан асқан

Аlmaty.tv

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға инватакси қызметін көрсету кезінде такси агрегаторларын пайдалану жөніндегі пилоттық жобаны іске асыруда. Оның шеңберінде 2026 жылдың басынан бері Астана және Алматы қалаларында аталған қызмет 172,7 мың рет көрсетілген, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша мүгедектігі бар адамдар инватакси қызметін 489,8 мың рет пайдаланған.

Бұған дейін инватакси қызметіне тапсырыс беру үшін сапардан бір күн бұрын телефон арқылы жазылу қажет болатын. Бұл айтарлықтай қолайсыздықтар туғызған: әр сапарды алдын ала жоспарлауға, көлікті ұзақ күтуге тура келді, сондай-ақ мамандандырылған көлік саны шектеулі болды.

Қызметті барынша ыңғайлы әрі жедел ету мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Астана және Алматы қалаларының әкімдіктерімен бірлесіп, такси агрегаторларын тарту жөніндегі пилоттық жобаға бастамашылық етті.

Мүгедектігі бар азаматтар пилоттық жоба аясында жеңіл автокөліктерге тапсырысты мобильді қосымша арқылы бере алады. Бұл қызмет алушы үшін көлікті жедел таңдауға, тапсырыс мәртебесін онлайн режимде қадағалауға және жасалған сапарларға мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ қосымшада мүгедектігі бар адамдар жүргізушіні сапар барысындағы қажеттіліктері туралы алдын ала хабардар ете алуы үшін арнайы мүмкіндіктер экраны қарастырылған.

Өз кезегінде, жүргізушілер жолаушыны көлікке отырғызу және одан түсіру кезінде көмек көрсету тәртібі бойынша арнайы нұсқаулар алады.

Биыл Астана және Алматы қалаларында жобаны жүзеге асыру пилоттық режимде жалғасады.

Оқи отырыңыз: