Жас ғалым қорғаныс саласын толық цифрландыруға атсалысып, осы жолда бар мүмкіндігін жұмсауға ниетті
Бүгінде еліміздегі жылдың ең үздік стартапері Астанада Отан алдындағы борышын өтеуде. Әлмұхамед Амитов әскерге шақырылмас бұрын қатерлі ісікті ерте анықтайтын инновациялық жобаны әзірлеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Альмухамед Амитов оқуды биыл ғана аяқтаса да, еңбектенуден жалықпайды. Жас маман жасанды интеллект арқылы ең үздік жобалардың авторы атанып үлгерді. Оның әзірлеген инновациялық жүйесі қатерлі ісікті небәрі 7 минутта анықтай алады. Бұл – әлемде баламасы жоқ, медицинадағы диагностика жасауды жеделдететін тың әдістердің бірі. Үздік инновациялық жоба үшін арнайы марапатқа да ие болған.
«Әскерге келмес бұрын жасанды интеллект саласында қызмет еттім. Сөйлеуді тану, компьютерлік көру және табиғи тілдерді өңдеу бойынша көптеген жүйе әзірледім. Біз медицина саласында қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтайтын жүйені, мейрамханалар бизнесіне, ірі зауыттар мен фабрикаларға және әлемдік деңгейдегі компанияларға арналған жүйелерді де жасап шығардық», – деді сарбаз Альмухамед Амитов
IT маманының жобаларын бүгінде әлемнің 10 елінде 100 мыңнан аса адам пайдаланып жүр. Оның колл-орталықтарға арнап әзірлеген цифрлық жүйесі тіпті Лондондағы компанияларда қолданысқа енген. Бұдан бөлек, елдегі «Қайрат» футбол клубына арналған арнайы қосымша да оның қолынан шыққан. Соған қарамастан Альмухамед әскерге барғанына еш өкінбейді.
Оның айтуынша, мұнда ғылыми білімін тереңдетіп қана қоймай физикалық тұрғыдан шыңдалуға мүмкіндік бар. Алғашында ол Семейге борышын өтеуге жіберілген. Кейін жергілікті мамандарға өз жобаларын көрсеткеннен кейін IT бағытындағы біліктілігі ескеріліп, Астанадағы Ұлттық қорғаныс университетіне ауыстырылыпты.
«Замандастарымның көбі әскерге баруды уақытын құр жіберу деп есептейді. Бұл пікір мүлдем дұрыс емес екенін айтқым келеді. Тарихты қарасақ цифрландыру бойынша үлкен жаңалықтар соғыс уақыттарында пайда болған. Сондықтан да жасанды интеллект дәуірінде еліміздің мызғымас, берік әрі қауіпсіз болуы үшін ең озық технологияларды қорғаныс саласына мүмкіндігінше ертерек енгізу маңызды», – деді сарбаз Альмухамед Амитов.
Ұлттық қорғаныс университетіндегі әскери ғылыми орталық 2018 жылы құрылған. Орталық жыл сайын бар болғаны алты сарбазды ғана қабылдайды. Жауаптылардың айтуынша, бұл қабілеті жоғары әскери қызметкерлерді таңдап, олардың білімі мен мүмкіндігін ел қорғанысына тиімді жұмсау үшін жасалған қадам.
«Біз жастарды әскерге тартуды көздейміз. Мақсат – талантты, қабілетті жігіттерді қабылдап, олардың мүмкіндігін толық пайдалану. Олар енгізетін жаңа идеялар мен инновациялар қарулы күштерді жаңғыртуға, елдің қорғаныс қабілетін күшейтуге көмектеседі. Қазір бізде жабық әскери жүйеде қолданылатын түрлі жоба бар», – деді ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің ғылыми жұмыс жөніндегі басшының орынбасары Сапар Құлатаев.
Альмухамед әскери борышын келер жылы аяқтайды. Ол қазірдің өзінде болашағына нақты бағыт қойған. Мақсаты – Қазақстанды әлемдік технологиялық көшбасшылар қатарына қосу. Жас ғалым қорғаныс саласын толық цифрландыруға атсалысып, осы жолда бар мүмкіндігін жұмсауға ниетті.
Оқи отырыңыз: Алматыда полиция күшейтілген қызмет тәртібіне көшті