Жылқы жылы – жаңа жетістіктерге жетелейді деп сенеміз – тұрғындар пікірі

31.12.2025 20:12

Қариялар зейнетақының өсетініне қуанса, жастар өзекті мәселелерге ерекше ден қойылғанын алға тартты

«Жылан жылы – жылыс болды. Ал жылқы жылы – жаңа жетістіктерге жетелейді деп сенеміз». Ескі жылды тек жақсы естелікпен шығарып салған Алматы қаласының тұрғындары осылай дейді. Олардың сөзінше, 2025 жыл әр отбасына шаттық пен бақыт, ал елімізге толағай табыс алып келді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қариялар зейнетақының өсетініне қуанса, жастар өзекті мәселелерге ерекше ден қойылғанын алға тартты.

«Еліміздің болашағы – ғылымда, осы салаға серпін беретін бастамалар көбейе берсе» деген тілегін білдірді. Сондай-ақ биыл өнерлі өрендеріміз бен спортшыларымыздың халықаралық аренада жұлдызы жарқырап, көк туымызды желбіреткенін де атап өтті. Осылайша «ескі жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген алматылықтар бейбіт күнде, тәуелсіз елде өмір сүріп жатқанына тәу ететінін айтып, барша қазақстандықтарды жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

«Немерелер дүниеге келіп жатыр. Жаңа жылда зейнетақы көбейеді. Шетелге қыдырамыз. Үй салып жатырмыз. Айтпақшы, Қайрат - кенже балам биыл ғалым ретінде тегін  3 бөлмелі үй алды», – деді қала тұрғыны Марат Қойбағаров.

Ғылым саласына министрлік тарапынан үлкен қолдау көрсетілілуде. Гранттық жобалар беріліп, қаржыландырылып жатыр. Менің ойымша, әлі жалғасын тауып, бірізді жолға түседі деп ойлаймын. 2026  қазақ ғылымы үшін табысты, сенімді жыл болады деген сенімдемін», – деді қала тұрғыны Елімай Шынатай.

«Ескі жылға ешқандай өкпеміз жоқ. Жаңа жылдан тек жақсылық, қуаныш күтеміз! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Осы өмірге келіп жатқан сәбилеріміз Қазақстан Республикасының, тәуелсіз еліміздің үлкен азаматы болып өсуіне тілектеспін», – деді қала тұрғыны Мейрамкүл Әбілтаева.

«Футболдан балалар жақсы жеңіске жетіп жатыр. Балаларға тек қана табыс, жақсылық тілеймін. Командаларымыз өсіп, Қазақстанымыздың әр жерде атын шығара берсін. Димашымыз да барлық жерді жаңғыртып, дүркіретіп жатыр.», – деді қала тұрғыны Қарлыға Байсаринова.

«Президенттің құттықтауын көргенде көңіл-күйіміз көтеріледі. Отбасымызбен көреміз», – деді қала тұрғыны Рахат Сыдықова.

 «Мен үшін 2025 жыл ерекше жыл болды. Өйткені, зейнетке шықтым. Есте қалатын ең маңызды оқиға – сол!», – деді қала тұрғыны Нұргүл Кәріпова.

«Тосын сый болды.  2025 жылдың ерекшелігі  Джей Ло келді. Шетелдік әншілер де келіп, өнер көрсетті», – деді қала тұрғыны Нұргүл Шынатай.