Тиісті сома тұтынушының дербес шотында аванс (сальдо) ретінде жеке жолмен көрсетіледі
Қазақстанда 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымының қорытындысы бойынша жылу энергиясын есепке алу аспаптары жоқ тұтынушылардың төлемі қайта есептелді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің мәліметінше, табиғи монополия субъектілері жылу үшін төлемді жалпы 1,2 млрд теңгеден астам сомаға (ҚҚС-ты қоса алғанда 1 217,02 млн теңге) қайта есептеген.
Қайта есептеу сыртқы ауаның нақты температурасын ескеру арқылы жүргізілген. Тиісті сома тұтынушының дербес шотында аванс (сальдо) ретінде жеке жолмен көрсетіледі.
Ең көп қайта есептеу Астана қаласында – 460,67 млн теңге, Шығыс Қазақстан облысында – 298,56 млн теңге және Маңғыстау облысында – 161,60 млн теңге көлемінде жүргізілген. Алматы қаласында қайта есептеу сомасы 57,77 млн теңгені құрады.
Қарағанды, Ұлытау және Жетісу облыстарында жеке қайта есептеу жүргізілмеген. Бұл өңірлерде жылумен жабдықтау құны сыртқы ауаның нақты температурасы ескеріле отырып есептелген.
Салыстыру үшін, 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымының қорытындысында осы санаттағы тұтынушыларға 1,55 млрд теңге көлемінде қайта есептеу жүргізілген.
Оқи отырыңыз: Қала күні: Алматыға Қытайдан әкелінген 1500-ге жуық сәндік өсімдік отырғызылуда