Қала күні: Алматыға Қытайдан әкелінген 1500-ге жуық сәндік өсімдік отырғызылуда

Қатарында қара қарағай, шашақты гортензия, раушан, бөріқарақат, сәлбен, нарқайсар және басқа да сәндік өсімдіктер бар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы тағы да көркейе түспек. Қала күні қарсаңында 1500-ге жуық 32 түрлі өсімдік отырғызылып жатыр. Жасыл-желектер Қытай Халық Республикасынан жеткізілген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қатарында қара қарағай, шашақты гортензия, раушан, бөріқарақат, сәлбен, нарқайсар және басқа да сәндік өсімдіктер бар. Жаңа көгалдандыру жұмыстарының басты ерекшелігі – өсіп, жетілген желектердің отырғызылуы. Яғни оларды жылдар бойы күтіп, қажетті пішінге келтірудің қажеті жоқ. Жерсіндірілген өсімдіктер бірден қалалық ландшафттың ажырамас бөлігіне айналады.

«Алдын ала Қытай мемлекетінен арнайы мамандар келіп, Алматы қаласының климатын бәрін тексеріп, қыстың суығына, жаздың ыстығына төзімді деген өсімдіктерді ғана алдырып, отырғызып жатырмыз», – деді мердігер Ерлан Жандарбекұлы.  

«Қала басшылығына жылы қабылдағаны үшін алғысымды білдіргім келеді. Биыл Қазақстанға бесінші рет келіп отырмын. Біздің міндетіміз – Алматыға Қытайдан сапалы өсімдіктер жеткізу. Бұған дейінгі сапарларымда жергілікті климатты  зерттедім. Негізгі назарды қыс мезгіліне аудардық. Нәтижесінде аязға төзімді, сондай-ақ тұзданған және сілтілі топыраққа бейімделген өсімдіктерді таңдадық», – деді қытайлық компания өкілі Шэн Янь.

Оқи отырыңыз: «Ажарлы Алматы»: әр өңірден келген суретшілер қала көркін шығармасында бейнеледі