Жылыту маусымы: Алматыда қатты отын тұтынатын үйлер қатаң бақылауға алынды
Профилактикалық шара аудандық өрт сөндіру бөлімінен басталды
Алматыда жылыту маусымына дайындық жұмыстары басталып кетті. Алатау ауданында қатты отын тұтынатын тұрғын үйлер тексеріліп, улы газ шығарындыларын анықтайтын арнайы құрылғылар орнатылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Профилактикалық шара аудандық өрт сөндіру бөлімінен басталды. Тиісті тапсырма алған төтеншеліктер аумақтағы тұрғын үйлерді аралауға кірісті. Жеке секторға барған мамандар ағаш отыны мен көмір пайдаланатын тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, арнайы құрылғылар орнатты.
Улы газды анықтайтын құрылғының көлемі кішкентай көрінгенмен, бүтін бір отбасын қайғылы жағдайдан құтқарып қалуға қауқарлы. Орнату әдісі қарапайым. Қос бұрама шеге арқылы қабырғаға немесе үйдің жоғарғы бөлігіне қағылады. Егер ауадағы иіссіз, түссіз газ мөлшері көбейсе, бірден ащы дыбыс шығарып, тұрғындарға дер кезінде белгі береді. Бұл қарапайым батарея арқылы қызмет етеді. Сондықтан электр тоғы өшсе, алаңдауға еш себеп жоқ.
«Жыл сайын төтенше жағдайлар қызметкерлері келеді, тексереді. Жылыту маусымының алдында ошақты тазалаймыз Құрылғы орнатты, бәрін түсіндірді», – деді қала тұрғыны Зайнал Мамедов.
Жалпы, ауданда 40 мың 700 жеке тұрғын үй бар. Оның 100-ге жуығы қатты отын пайдаланады. Сонымен қатар 250-ден астам әлеуметтік осал топтағы отбасы тұрады. Сондықтан мұндай профилактикалық шаралардың маңызы зор. Негізгі мақсат – жылыту маусымында өрттің алдын алып, тұрғындардың газдан улану қаупін азайту.
«2026-2027 жылғы жылыту маусымына дайындық жүріп жатыр. Күн суытардың алдында көмір жағатын үйлерге арналған құрылығы орнатып жатырмыз. Жылыту маусымы біткенше, келесі 2027 жылдың сәуір айына дейін бәрін қадағалап, жазып, түгендеп отырамыз», – деді Алатау ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Алмас Ілиясов.
Құтқарушылардың айтуынша, жылыту маусымында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау маңызды. Тұрғындарға пештерді уақытылы тексеріп, мұржаларды тазалап, жылыту құрылғыларын қараусыз қалдырмауды ескертілді.
Олжас Омарбек, Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: «Таза Қазақстан»: Алматыда GREEN UP экологиялық жобасы іске қосылды