Құтқарушылар тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады
Павлодар облысында жылыту маусымы басталғалы өрт 7 адамның өмірін жалмады. Тағы бес тұрғын түрлі дәрежеде дене жарақатын алған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Төтеншеліктердің мәліметінше, тілсіз жаудың басым бөлігі өткен ғасырдың 60–70-жылдары салынған тұрғын үйлерде болған. Мамандардың айтуынша, өрттің туындауына көбіне пешпен жылыту жүйесіндегі ақаулар мен электр желілерінің қысқа тұйықталуы себеп. Осыған байланысты құтқарушылар тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
«Өкінішке қарай, Ақсу, Тереңкөл, Павлодар, Баянауыл және Екібастұз өңірлерінде өрт салдарынан бір-бір адамнан көз жұмған. Ал Ертіс ауылында тіркелген өрт екі баланың өмірін қиып, елді есеңгіретті. Қайғылы оқиғалардың негізгі себептері – өрт қауіпсіздігі ережелеріне немқұрайлы қарау, сондай-ақ пешпен жылытудағы ақаулар», – деді ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Берік Омаров.
Оқи отырыңыз: Дроппер: Алматыда 4 азаматты қамауға алынды