Олимпиада жүлдегері Елдос Сметовке Алматы әуежайында тосын сый жасалды

Олимпиада жүлдегері Елдос Сметовке Алматы әуежайында тосын сый жасалды
Қоржынға алғашқы олжаны салған ұлт мақтанышын әуежайдан күтіп алу үшін спортшының достары мен жанкүйерлері, барлық ет жақыны жиналды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Елдос Сметов елге оралды. Қоржынға алғашқы олжаны салған ұлт мақтанышын әуежайдан күтіп алу үшін спортшының достары мен жанкүйерлері, барлық ет жақыны жиналды. Одан бөлек, жомарт жандардың атынан су жаңа темір тұлпардың кілті табыс етілді. Күншығыс елінде Қазақстанның даңқын асқақтатып келген отандасымызды әуежайдан күтіп алған Almaty.tv тілшісі Мерей Қанапиянов жалғастырсын. 

Бүгін таңғы сағат 4-ке қарамастан әуежайдың алды жанкүйерлерге толы болды. Барлығы да Елдостың қуанышына ортақтасып, көруге асық. Олардың арасында спортшының достары мен жанкүйерлері және ата-анасы бар. Көп ұзамай жүлдегердің өзі де бой көрсетіп, мүлгіген тыныштыққа жан бітіргендей болды. Тіпті бала кезіндегі алғашқы бапкерін көріп, көзіне жас алды.  

Одан бөлек, ел мерейін асқақтатып қайтқан спортшымызға жомарт жандардың атынан темір тұлпар табысталса, Елдос қарымтасы ретінде өзінің олимпиада кезінде киген киманосын сыйға тартты.

«Ең бірінші жеңісін естіген кезде үйде отырып, жүрегім жарылып кете жаздады. Төбеміз көкке жетті. 3-ші орынға күресіп жатқан кезде қолдап отырдық. Үйімізде қуаныш болса екен деп тіледік», – деді Елдостың анасы Тоқтагүл Сметова.

«Бұл жолы енді қан қысымым көтеріліп, қазір басылды. Енді жарысты көріп отырған кезде өте қиын. Оңай емес. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Баламызға денсаулық тілейміз. Қолдау көрсетіп жатқан халқыма рақмет!» – деді Елдостың әкесі Бақтыбай Сметов.

Айта кетейік, Елдос бозкілемде алдымен Түркия, кейін Оңтүстік Корея балуандарын жеңді. Олимпиаданың жартылай финалында үш дүркін әлем чемпионы Наохиса Такатоға есе жіберсе, қола медаль үшін белдесуде Нидрландылық дзюдошыдан басым түсіп, үздік үштіктен көрінген болатын. Алдағы уақытта спортшы аздаған үзіліс алып, 2024 жылы Парижде өтетін жазғы ойындарға да қатысып қалуы мүмкін екенін айтады.  

«Егер қалпыма келіп, күресуге мүмкіндік болып жатса неге еліміз үшін, жеріміз үшін күреспеске. Менің арманым – алтын алу. Сәтін келіп жатса мен алтын үшін барымды салуға дайынмын», – деді Токио Олимпиадасының жүлдегері Елдос Сметов.

Еске сала кетейік, Елдос Сметов қазақ дзюдошыларының арасынан шыққан тұңғыш 2 дүркін олимпиада жүлдегері.

Новости партнеров