|
03.08.2021 | 21:21
4049

Сәкен Бибосынов Токиодағы олимпиада ойындарының жартылай финалына шықты

Енді оның қоржынында кемі қола жүлде бар

Бокстан  Сәкен Бибосынов Токио олимпиадасының жартылай финалына жолдама алды. 52 келігі дейінгі салмақта жұдырықтасқан спортшымыз испаниялық қарсыласын 3:2 есебімен жеңіп, келесі айналымға өтті. Айта кетейік, осыған дейін ауыр салмақта өнер көрсететін Қамшыбек Қоңқабаев та ақтық кезеңге бір табан жақындаған еді. Соған байланысты біздің арнаның түсірілім тобы ел спортшыларын бастап барған былғары қолғап шеберінің жаттығу залына барып, достарымен тілдесіп қайтты. Almaty.tv тілшісі Мерей Қанапиянов жалғастырады.

Қамшыбек Қоңқабаев олимпиадаға дейін дәл осы залда жаттығып, тер төккен. Қазір мұнда кәсіпқой бокста еліміздің атын Халықаралық додаларда шығарып жүрген спортшылар дайындалады. Барлығының да тілегі бір. Қамшыбек олимпиада чемпионы болса екен, дейді.

Токио Қамшыбек Қоңқабаев үшін алғашқы олимпиада. Осы уақытқа дейін Әлем чемпионаттарында атой салып жүрген боксшыға Президентіміздің өзі сенім білдіріп, көк туды табыс еткен болатын. Оның Алматыда бірге жаттығатын достары Қамшыбекпен мақтанатынын және ең біріншіден адал дос, көркем мінезді әрі өзгелерге үнемі қамқор екенін айтады.

«Олимпиаданың ашылу салтанатында ту көтеріп шығу деген оңай емес. Кезінде мықты боксшылар, спортшылар ұстады. Оның жауапкершілігі өте ауыр», – деді Қамшыбектің досы Жалғас Төкешов.

Қамшыбек Токиодағы алғашқы кездесуінде мысырлық спортшыны айқын басымдықпен ұтса, келесі айналымда ресейлік боксшыдан айласын асырған болатын. Ертеңгі жартылай финалда америкалық Ричард Торреспен жұдырықтасады. Естеріңізде болса, боксшы бізге жолдаған видеосында ел мерейін асқақтатып, қалай да жүлдегер атанам деген болатын.  

«Ел үмітін ақтау үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Бізге қолдау білдіріп, жанкүйер болыңыздар», – деді боксшы Қамшыбек Қоңқабаев.

Одан бөлек Қамшыбектің кәсіпқой бокстағы жетістіктерін де айта кеткен жөн. Ол шаршы алаңда 3 кездесу өткізіп, үшеуінде де жеңіске жеткен. Сондықтан спортшының бағы мен бабы қатар шабады деп сенеді достары.

«Кәсіпқой боксқа қатысты үнемі сөйлесіп, жоспарлап отырамыз. Ол айтып отырады 4 бірдей белбеуді алғым келеді, қазақтан шыққан тұңғыш абсолютті чемпион болғым келеді деп. Сондай арманы бар. Сол арманының орындалу жолында қызмет етіп, жұмыс істеудеміз», – деді Қамшыбектің досы Жалғас Төкешов.

Айта кетейік, бүгін жарыс жолына шыққан Сәкен Бибосынов та олимпиада ойындарының жартылай финалына шықса, Зәкір Сафиуллин Австралия өкіліне 3:2 есебімен есе жіберді. Ал, жерлесіміз Милад Карими ақтық сында 2 рет қателесіп, 8- орын алды. Әзірге Қазақстан құрамасы 3 қола медальмен турнир кестесінде 73-орында тұр.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир