Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бір қола медальмен толықты
Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бір қола медальмен толықты. Бұл жолы зілтемірші Зулфия Чинчанло олимпиада ойындарында 55 келіге дейінгі салмақта үздік үштіктен көрінді. Бокстан Сәкен Бибосынов Токио олимпиадасында алғашқы жеңіске қол жеткізді. Ол бірінші кездесуінде Пуэрто-Рико өкілімен жұдырықтасып, келесі айналымға өтті. Ал, теннистен еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакинаның кезекті қарсыласынің кім екені анық болды. Одан бөлек, біздің арнаның түсірілім тобы спорттық гимнастикадан ақтық сында өнер көрсететін алматылық Милад Каримидің бапкерлерімен кездесіп, қаладағы жаттығу залына барып қайтқан болатын. Almaty.tv тілшісі өрбітсін.
Бүгін бокстан 52 келіде шаршы алаңға шыққан Сәкен Бибосынов Ривера Фигероамен жұдырықтасып, жеңіске жетті. Тартысты жекпе-жекте отандасымыз 4:1 есебін тіркеп, келесі кезеңге жолдама алды.
Айта кетейік, Токиода гимнастикадан финалдық кезеңге жолдама алып қойған спортшылардың арасында жерлесіміз Милад Карими бар. Ол осы Нелли Ким атындағы гинастика академиясында жаттығып, Халықаралық жарыстарға шыға бастаған. Осында бас қосқан спортшының достары, алғашқы бапкерлері Миладтың тілеуін тілеп отыр.
«Ол біздің мақтанышымыз. Токиодағы нәтижелерін үнемі қарап отырамын. Бар жан-тәнімізбен оның жүлде алған сәтін көргіміз келеді. Досыма тілейтінім, финалдық бәсекеде қалай да мықты өнер көрсетіп, елге жеңіспен оралса екен», – деді Милад Каримидің досы Вячеслав Ким.
«Милад қазіргі сәтте өте жақсы өнер көрсетіп жатыр. Өзіне міндеттелген тапсырмаларды жоғары деңгейде орындап, сенімді ақтай білді. Ол жаттығуда үнемі көңілді жүреді әрі алдына қойған мақсатына жетпей тынбайтын спортшы», – деді Спорттық гимнастикадан ұлттық құрама жаттықтырушысы Андрей Николаев.
Ал, теннистен үшінші кезеңге өткен Елена Рыбакинаның кезекті қарсыласы белгілі болды. Ол хорватиялық Донна Векичпен ойнайды. Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы әзірге 3 қола медальмен турнир кестесінде 39-орында келе жатыр.