Токио 2020: Жанкүйерлер алтыннан үмітті

05.08.2021 01:32

Еркін күрестен Нұрислам Санаев олимпиада ойындарының қола жүлдесіне таласады

Olympic.kz

Еркін күрестен Нұрислам Санаев олимпиада ойындарының қола жүлдесіне таласады. Ол жартылай финалда үндістандық балуанға есе жіберіп, жеңіліп қалды. Алайда жанкүйерлер спортшыларымыздың әлі де болса алтын медаль алатынына үмітті. Almaty.tv тілшісі өрбітсін. 

Егер спорттық сайыстар басталса Мәметиязовтар әулетінде мереке деген сөз. Себебі отбасы мүшелері осылай теледидар алдына жиналып, қазақ спортшыларына бірге жанкүйер болады.

Бұл спорт десе ішкен асын жерге қоятын Серік Мәмәтиязовтың жанұясы. Отағасынан бастап, 4 баласына дейін олимпиада ойындарын қалт жібермей көреді. Әкелері қазақша күрестен жаттықтырушы болса, ұлдары футболға, дзюдоға әуес.  

«5 жасымнан күреспен айналысып келемін. Қазіргі таңда Алматы қаласының жеңімпазымын. Болашақта осы олимпиада чемпиондары секілді жеңімпаз болғым келеді», – деді жас спортшы Хангелді Әбдуәли.

Қазақстан құрамасы әзірге олимпиада ойындарында алтын медаль алмаса да, бұл отбасы бас жүлдесіз қайтпайтынымызға сенімді. Себебі төрт жылдықтың басты додасында жақсы өнер көрсетіп жатқан мықты спортшыларымыз бар ғой, дейді.

«Олимпиаданы 4 жыл болды күтіп жүргенімізге. Қандай спорт болса да, теледидардың алдындамыз, жібермей көреміз. Өзіміздің қазақстандық спортшыларға сәттілік. Әлі бокстан Сәкен Бибосынов бар. Сол чемпион бола ма деп отырмыз. О бастан-ақ боксын көріп, ұнап қалды», – деді қала тұрғыны Серік Мәметиязов.

Одан бөлек бүгін жарыс жолына шыққан Нұрислам Санаев жартылай финалға дейін сәтті өнер көрсетіп, ақтық кезеңге өте алмады. Спортшымыз үндістандықпен өткен тартысты белдесуде 9:2 есебімен алға шықса да, соңғы сәттерде кішігірім жарақат алып, қарсыласының таза әдісіне түсіп қалды.  

«Спортшыларымыздың әлі де болса медаль алатын мүмкіндіктері бар. Бірақ алтын бола ма, болмай ма ол жағын айту қиындау. Әсіресе, ертең жартылай финалда ұлыбританиялыққа қарсы жұдырықтасатын Сәкен Бибосыновты ерекше айтқым келеді. Одан бөлек, еркін күрестен шығатын әйелдеріміз 3-4 медаль алады деген оптимистік болжамым бар», – деді спорт комментаторы Данияр Кәрімжан.

Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы әзірге 4 қола медальмен турнир кестесінде 75-орында келе жатыр.

Мерей Қанапиянов, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы

Теги: Токио