Бүгін Қазақстан бокс федерациясы Токио олимпиадасының жүлдегерлері мен қатысушыларын марапаттады. Салтанатты шарада Сәкен Бибосынов пен Қамшыбек Қоңқабаевқа 50 мың доллар табысталса, спортшылардың жеке жаттықтырушылары мен құрама бапкерлеріне 10 мың доллар берілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Қазақ еліне, қазақ халқына алтын сыйлай алмай қалдым-ау, қазақтың әнұранын шырқата алмадым-ау деген себептен көз жасыма ерік бердім. Ендігі мақсат 3 жылдан соң Парижде өтетін олимпиадада топ жару», – деді Токио олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов.
«Шын мәнісінде, балаларды кінәлай алмаймын. Бәрі айтады нәтиже жоқ, кінәлі деп. Менің ойымша, 8 баладан 2 қола алып келу жаман нәтиже емес. Біз енді алтынға үйретіп қойғаннан кейін үнемі олай бола бермейді ғой. Спортта жеңіс те, жеңіліс те қатар жүреді», – деді Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Бақтияр Артаев.
Одан бөлек Қамшыбек Қоңқабаев жақында мемлекет берген 75 мың долларды толықтай қайырымдылыққа жұмсайтынын айтты. Еске сала кетейік, бұған дейін еркін күрес шебері Нұрислам Санаев та алған қаржысын көмекке мұқтаж жандарға аударған болатын.
«Әрине, барлығы алтын күтті. Бірақ біз үшін, спортшылар үшін үлкен сабақ. Құдай қаласа, мықты болып оралып, талай белестерді бағындыратынымызға сенімдімін. Бұйырса, мемлекет тарапынан берілген 31 миллионды қайырымдылық қорына жұмсаймын деп шештім», – деді Токио олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев.