Жуырда «Алматы» телеарнасынан «Өткінші жаңбыр» атты жаңа телехикая көрерменге жол тартпақ. Елімізге танымал актерлар түскен телесериал қандай тақырыпқа арқау болған? Бас рөлдердің бірін сомдаған актер Алмат Сақатовпен сұхбаттасудың сәті түсті.
– «Алматы» арнасының тапсырысымен түсірілген «Өткінші жаңбыр» телехикаясы жуық арада көрермендерге жол тартады. Қандай рөлді сомдайсыз?
– Менің рөлім Жанардың (Нұргүл Мыңғатованың» күйеуі, бай жігіт болып ойнаймын. Екі әдемі келіншектің арасында жүріп отбасылық қасиетімді жоғалтпауға тырысамын. Бұл сериал Алматы қаласында болып жатқан отбасының өмірі жайында. Қымбат үйде тұрамын, қымбат көлік мінемін, оның бәрі еңбекпен келген. Осылай өмір сүріп жатқан кезде әйелім әңгіме бастайды. «Мен адам болсам, кәсіппен айналыссам қалай болады» деген сияқты. 13-14 жыл үйде бала бағып отырған әйелдің психологиясы көпшілікке таныс деп ойлаймын. Еркектер қазақилыққа салынып жібереміз де, әйелдерімізді қолынан ештеңе келмейтін, тек қана тамақ жасай алатын, үй сыпыра алатын адам қып дайындаймыз немесе солай ойлаймыз.
Сериал жалпы адами қасиет, отбасылық құндылық жайында.
– Жалпы әйелге деген осындай көзқарасымыз телехикаядан кейін пайда болды ма? Әлде қалыптасқан пікір ме?
– Жоқ, оған дейін де ойладық. Тура сол телехикаядағыдай нақты оқиға болмаса да, соған ұқсас жағдайлар болып жатады. Жалпы еркектердің өз әйелдеріне – қызымыз, әпкеміз, қарындасымыз, анамыз деп қарауы қиындау. Мысалы, қазіргі жағдайда көпшілігі жұмыссыз қалды. Мен де жұмыссыз қалдым. Сол кезде жұмыста жүрген әйелім асырап шықты. Үйленген кезде әйелдер қолымызға саз балшықтай тап-таза болып келеді ғой. Содан қисық кесе жасап шығарамыз ба, түбі тесік табақ жасап шығарамыз ба, мұның бәрі – негізінде еркектердің қолында тұрған нәрсе екен.
– Сонда бұл қызғаныш сезімінен туындай ма? Әлде әйелді өзіңізден жоғарылатқыңыз келмейтіндіктен бе?
– Мүкін, қызғаныш, бәлкім, мойындамау шығар. Жалпы телехикаяның ішінде әйелдің қолынан ештеңе келмейтініне сеніп, оның жұмыс істеуіне көнемін. Бірақ оның жолы ашыла бастайды, кәсібі жүре бастайды. Соны көрген кезде таңғалып, аяғынан шалып, кедергі жасай бастаймын. Жалпы образым сондай болды.
– Шын өмірде осылай жасар ма едіңіз?
– Жоқ. Шын өмірде әйелің жұмыс істеп, тірлік жасап, бай-дәулетті болып, үйге ақшаны көп тауып жатса рахат қой. Бірақ 20-30 жыл бұрын бұлай ойламас едім. Менің ойымша, екеуі де бірдей болуы керек.
– Сізге осы телехикаядағы рөліңіз арқылы өз миссияңыз орындай алдыңыз ба?
– Мен негізі экстремалды рөлдерді, қиындығы бар рөлдерді жақсы көремін. Бұл сериалда да өкінетін жерлерім бар. Енді мен телехикаяда керемет ойнап шықтым немесе рөлімді түбегейлі жеткіздім деп айта алмаймын. Өйткені мен әртіспін. Жалпы маған жалғасы болатын кино сияқты.
– Екінші маусым түсірілгені қалар ма едіңіз?
– Әрине. Қуана-қуана келемін. Менің өмірім – өнер. Онсыз өмір сүре алмаймын.
– Кинода отбасыңыздың тәрбиесіне араласпайсыз. Ал шынайы өмірде балаларыңыздың тәрбиесіне, оқуына қаншалықты көңіл бөлесіз?
– Қазір балалардың сабақ оқуына ешқандай ата-ана көмектесе алмайды. Өйткені 2-сыныптың бағдарламасын ешкім білмейді. Олардың қайдан тауып алатынын да білмеймін. Бірақ өмірде балалар тәрбиесіне айналысамын. Көп айқайламаймын, ұрыспаймын, жай ғана екі-ақ сөзбен де орнына қоюға болады.
– Сіздердің отасқандарыңызға қанша жыл болды?
– 30 жыл болды. Орда бұзатын 30 жасқа да жетіп қалыппыз. Мен оның туған күнінде үйленгенмін.
– Арнамыздың көрермендеріне айтар тілегіңіз бар ма?
– Құрметті көрермендер! 2 қарашада «Алматы» телеарнасында «Өткінші жаңбыр» атты телехикая басталады. Көріңіздер. Бағасын беріңіздер!