Алматы облысы Панфилов ауданында нөсер жауын салдарынан бірнеше көше мен жүзден аса үй ауласын су басты, деп хабарлайды ІІМ-нің ТЖК баспасөз қызметі.
«Ауа райының күрт жылынуы мен жауын-шашын салдарынан таулы аймақтарда жауын суының беткейлік ағыны орын алды. Соның салдарынан бірнеше көше мен тұрғын үй аулаларын су басты. Атап айтқанда, Пиджим ауылының Жібек жолы, Уәлиханов, Райымбек, Желтоқсан, Мұхамәди көшелеріндегі үйлер су астында қалды», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ республикалық маңызы бар Жаркент-Хоргос тасжолы да топан су астында қалды.
Оқиға орнында Панфилов ауданының әкімінің жетекшілігімен арнайы штаб құрылды.
Жаркент қаласының 33 жол бөлігінің қызметкерлері мен Панфилов ауданының полиция бөлімі су басу қаупі төніп тұрған үйлердің тұрғындарына ескерту жасады. Эвакуацялау қажет болған жағдайға деп «Әділ» кафесі дайындалып қойылды.
Су тасқыны салдарымен күресу үшін 190 адам мен 40 техника жұмылдырылған. Көмекке келгендердің құрамында Алматы облысы ТЖД, жергілікті атқарушы органдар, «Қазселденқорғау» ММ, әскери қызметкерлер мен Панфилов ауданының полиция бөлімі бар.
Халықты тіршілікпен қамтамасыз ету жүйелері (электр тогы мен су) штатты режимде жұмыс істеуде.
Баспасөз қызметі төтенше жағдайдың орын алуына қазіргі арық жүйесінің су көлемін еңсере алмағаны себеп болғанын айта кетті.
Айта кетейік, алдын ала мәлімет бойынша, 270-тен астам тұрғын үй ауласын су басқан. Әзірге үйлер мен қосымша құрылыс нысандарының қирағаны жөнінде ақпарат жоқ. Тексеру жалғасуда. ТЖК мәлімдеуінше, тасқын тоқтаған және оның салдарынан зардап шеккендер мен құрбандар тіркелмеген.