Шымкентте 2 күн қатарынан нөсер жауын жауып, соңы бұршаққа ұласты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл - күні кеше шымкенттіктердің зәресін ұшырған табиғаттың тосын мінезі. Қала орталығында түнгі сағат 23.00-де қалың бұршақ жауып, көше мен арық толып кеткен. Синоптиктердің сөзінше, оның көлемі 12 мм-ге жеткен.
– Бес аудан бойынша 360 куб су тартылған. Әл-Фараби және Абай ауданында 37 қызметкер, 12 техника, 11 мотопомпа жұмысқа тартылды, – деді Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы Ағзам Саипов.
Айта кетейік, Шымкент қаласы мен Түркістан облысында нөсер жауын сенбі күні түнде басталған еді. Шелектеп жауған жаңбырдан шатыры жөнделіп жатқан тұрғын үйлер мен қолданысқа берілген мемлекеттік баспаналар зардап шекті.
– Үйдің төбесінен, балконның есік-терезесінен су ақты, – деді қала тұрғыны Шынар Күзекова.
Жаңбырмен басталып, бұршаққа ұласқан түннің соңы дауылмен аяқталды. Кесірінен көшедегі ағаштар құлап, ғимараттар жарамсыз күйде қалған. Синоптиктердің айтуынша, табиғаттың тосын мінезі тағы да қайталануы мүмкін.
– 30-31 тамызда облыстың басым бөлігінде, таулы аудандарында жаңбыр жауады. Найзағай ойнап, бұршақ жаууы ықтимал. Ауа температурасы түнде 12-17, таулы аудандарында 9 градус жылы болады, – деді «Қазгидромет» РМК Түркістан облысы бойынша филиалының инженер-синоптигі Әсем Нұрлыбаева.
Жауын соңы қатты желге ұласуы да ықтимал.
Назерке Үкібасова, Елдар Жүнісқанов, «Алматы» телеарнасы, Шымкент
Оқи отырыңыз: Жаңбыр, бұршақ, жел: 28 тамызға арналған ауа райы болжамы