Көктайғақ: Петропавлда 180 адам түрлі дене жарақатын алған

Almaty.tv
Almaty.tv
Қыс мезгіліне 160-тан астам техника мен 2 200 текше метрге жуық құм-тұз қоспасы дайындалған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Петропавлда соңғы бірнеше күнде көктайғақ салдарынан 180 адам түрлі дене жарақатын алған. Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты қалада жол-көлік оқиғалары да жиіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көктайғақтың салдарынан ауруханаға түскендер күрт көбейді. Соңғы 3 күнде тайып-жығылып, қаланың жарақат емдеу пунктіне жүгінгендер саны 180-ге жеткен. Олардың 63-і көшеде құлаған. Сондықтан травматолог мамандар тұрғындарға абай болуды ескертеді.

– Медициналық көмекке жүгінгендердің басым бөлігі егде жастағы адамдар. Үш науқас ауруханаға жатқызылды. Олар ем алып жатыр. Бірінің жамбас мойны сынған. Қалғандарына алғашқы медициналық көмек көрсетілді, – деді Көпбейінді қалалық аурухана пунктінің меңгерушісі Валерий Грибашов. 

Қаланың коммуналдық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Олар тәулік бойы көшелерді қардан тазартуда. Қыс мезгіліне 160-тан астам техника мен 2 200 текше метрге жуық құм-тұз қоспасы дайындалған. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, қажеттілік туындаған жағдайда техника санын арттырады.

– Қала бойынша 70-тен астам техника мен 130-дан астам адам жұмылдырылып отыр. Сағат 11:00-ден сағат 6:00-ге дейін қала бойынша жаяу жүргінші, көлік жолдарын, аялдамаларды тазартады. Одан кейін құм-тұз қоспасы себіледі, – деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла. 

Көктайғақтың салдарынан жол-көлік оқиғалары да жиілепті. Облыс орталығында соңғы 2 күнде ұсақ 29 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл ретте мамандар жолда абай болуға шақырады.

– Жауын жауып, көктайғаққа қатысты жүргізушілер көлік дөңгелегін уақтылы ауыстыруы қажет. Өйткені ол жолдағы келеңсіз жағдайда көлікті сенімді жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар елдімекендерден тыс шықпай, SMS хабарламаларға назар аудару қажет. Күнделікті 70 бірлік арнайы техника жұмыс жасайды. Олар жолдарға құм шашып, қардан тазарту жұмысын жүргізеді, – деді СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Баян Байғаскина. 

Биыл 9 айда СҚО-да 268 жол-көлік оқиғасы тіркелеген. Салдарынан 34 адам қаза тауып, 386 адам түрлі дене жарақатын алған.

Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан

Оқи отырыңыз: Қысқы маусым: көлік дөңгелегі ауыстырылмаса, жүргізуші қанша айыппұл төлейді

Новости партнеров