Шілдеде ауа райы қандай болады

20.06.2024 20:17

Жаһан жұрты жердегі орташа температураның 1,5 градустан аспауын қадағалауы қажет

Victor Glutsenko

Шілдеде аптап ыстық басталады. «Қазгидромет» қызметкерлерінің айтуынша, Алматыда келесі айдың ортасында ауа температурасы 39 градусқа жетеді. Ал Алматы облысында ауа температурасы шілденің алғашқы онкүндігінде 36, таулы аймақтарда 26 градусқа көтерілсе, 10 шілдеден кейін бұл көрсеткіш тағы 3 градусқа артпақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көшпелі қазақ халқының тұрмысы табиғатпен тікелей байланысты болғандықтан, ата-бабаларымыз айналадағы құбылыстарды бақылап, ауа райын болжай алған. Мәселен желдің бағытын анықтап, күннің ыстық немесе суық болатынын алдын ала байқайтын. Ал гүлдің жапырағын құрыстырып жинап алуына қарап, күннің ыситынын ерте білген. Сондай-ақ қыс қытымырлық танытса, жаз ыстық болады деген де тұжырым жасаған.

– Шілдеде, әсіресе оңтүстік өңірлерде қырық күндік аптап ыстық болады. Қыста қалың қар жауып, аяз болса, шілдеде ыстық болады. Қыста соққан боран – жазда жел,  ал жауған қар жаңбыр болады деп есептеген, – деді этнограф Болат Бопайұлы.

Этнографтың сөзінше, ыстық ауа райын жаз мезгілінде «Қара өрмекші» шоқжұлдызының жарқырап көрінуіне, сондай-ақ шегірткелердің көбеюіне де қарап байқауға болады. Ал эколог Азаматхан Әміртай аптап ыстықтың жаһандық жылынуға тікелей қатысы барын айтты.

– Көмір отыны жанады, әртүрлі мұнай өнімі пайдаланылады. Оның бәрі үлкен ауаға көміртегін, зиянды заттарды лақтырып жатыр. Оның бәрінің климаттың өзгеруіне әсері бар. Ең бастысы, айтып отырмын ғой, күннің сәулесі жерге келген кезде, ол сол парниктік газбен қайтадан шағылысып, әлемді жылытып отыр, – деді эколог Азаматхан Әміртай.

Эколог, этнографтардың тұжырымы «Қазгидромет» қызметкерлерінің болжамымен сай келіп отыр. Биыл Алматыда шілдеде ауа температурасының ең жоғары көрсеткіші 39 градусқа жетпек. Ыстық ауа райы облыста да ай соңына дейін сақталады. Ал әлем халқы үшін 2023 жыл - тарихтағы ең ыстық мерзім саналғаны белгілі. Жаһан ғалымдары аптап ыстықтың жиілегеніне қарап «2024 жыл бұл көрсеткішті бұзуы мүмкін» деп отыр. «Температураның жоғарылауы Эль-Ниньо құбылысымен байланысты. Мамандардың айтуынша, бұл экватор бойындағы Тынық мұхиты суының беткі қабатындағы температураның ауытқуын білдіреді. Аптап ыстық салдарынан адам өміріне де төнетін қауіп артады. Оның алдын алып, экологиялық мәселе оң шешімін табу үшін жаһан жұрты жердегі орташа температураның 1,5 градустан аспауын қадағалауы қажет.

Рүстем Айткәрім, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Аптап ыстық және жел: 20 маусымға арналған ауа райы болжамы