Барлығы жақын маңдағы ауылға жеткізілді
Жамбыл облысында ескертуді елемей жол жүрген 7 адам қар құрсауында қалды. Оларды құтқаруға арнайы мамандар шақыруға тура келген. Төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, көмек алған жетеудің төртеуі шетел азаматы, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ер адамдар Жуалы ауданындағы Шымбұлақ стансасынан 7 шақырым жерден табылыпты. Құзырлы органдағылар таратқан мәліметке сүйенсек, қар құрсауынан шығарылғандарға медициналық көмек қажет болмаған. Барлығы жақын маңдағы ауылға жеткізілген.
Айта кететіні, биыл өңірде бораннан 5 мыңнан астам адам құтқарылған екен.
«Қар құрсауынан 7 адам құтқарылды. Оның төртеуі - Қытай Халық Республикасының азаматы. Олар Жуалы ауданы Бауыржан Момышұлы ауылына жеткізілді. Медициналық көмек қажет болмады. Құтқарылғандардың айтуынша, таулы аймаққа жел стансасын орнатуға болатын орындарды қарау барысында жол талғамайтын көліктері қалың қарға батқан», – деді Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Алмас Жұматаев.