Таяудағы аптада күн күрт жылиды деп күтілуде
157 елдімекенді су басу қаупі бар. Ол туралы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин айтты. Сөзінше, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарында таяудағы аптада күн күрт жылиды деп күтілуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сәйкесінше бұл қардың еруі мен сең жүруге ықпал етеді. Сондай-ақ министр еліміздің оңтүстік өңіріндегі жағдайға тоқталып өтті.
«Түркістан облысының оңтүстігі мен тау бөктері аудандарында, Жамбыл облысының солтүстік-шығысында, оңтүстігінде, таулы аудандарында, сол сияқты Алматы облысының оңтүстігінде және таулы аудандарында қатты жауын-шашын күтілуде. Осыған байланысты жоғарыда аталған өңірлерде қар көшкіні және су тасқыны болуы мүмкін», – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.
Сонымен қатар министр қолайсыз ауа райы кезінде жолда қалғандар арасында мерт болып, үсік шалған жолаушылар бар деген ақпараттың жалған екенін айтты.