Астаналықтарды екі күннен бері ақ түтек боран мен ақ ұлпа әбіргерге салды. Сенбіден бері тоқтаусыз жауған қар салдарынан бүгін қалада қозғалыс қиындаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тоқтаусыз жауған қардың кесірінен жұмысына асыққан халық діттеген жеріне жете алмай әлек. Қала көшелерінде көліктер қар құрсауында қалып қойды. Көлік түгілі, жаяу адамның да жүруі қиындаған. Автобустар омбы қарға тіреліп, тұрып қалып жаттыр.
«Жолда тұрып қалдық. Маңайдағы көшенің бәрі тазаланбаған. Аулаға кіре алмаймыз», – деді қала тұрғыны Бақыт Үмбетов.
«Ауладан әрең шықтым. Көпшілік көлігін жаздық дөңгелекке ауыстырып алған ғой. Қар басып қаларын білген жоқ», – деді қала тұрғыны Нұржан Мұхамеджанов.
«Автобусты бір сағаттан бері тосып тұрмын. Жоқ. Жұмысқа баруым керек», – деді қала тұрғыны Алтын Қожахметова.
Төтеншеліктерді де мезгілсіз келген ақ түтек боран әбігерге салып қойды. Үшінші тәулік жауған қарды коммуналдық қызмет мамандары тазалап үлгермей жатыр. Оның қалыңдығы 38-40 см. Әкімдік ақпарынша, көше тазалау жұмыстарына 2 мыңнан астам адам мен 1000-ға жуық техника жұмылдырылған. Бүгін таңға дейін 24 мың текше метр қар шығарылған.
«Бұл – қыс бойы болмаған қар. Соңғы 2 күнде әжептәуір қар жауды. Оны тез тазалауға атсалысып жатырмыз. «Қазгидромет» болжамы 10 күнге дұрыс келеді. Біз бір ай бұрын біле алмаймыз ғой. Қыстан шығып, көктемдік іс-шаралармен айналысуды бастап едік», – деді «Астана тазалық» ЖШС Есіл ауданы бойынша атқарушы директоры Дархан Мұсабеков.
Қолайсыз ауа райы салдарынан Астанада республикалық маңызы бар автожол төрт бағыт бойынша қозғалыс жабылды. Елорда тұрғындарына қала сыртына қатынауға тыйым салынып отыр. Әуежайда да бірнеше рейс кейінге шегерілді. Астанаға бағыт алған 13 әуерейс және ұшатын 10 ұшақ бағыты уақытша тоқтатылған.
«Соңғы тәуліктегі ауа райының күрт өзгеруіне байланысты қалада жол-көлік апаты жиілеп кетті. Соңғы 1 күнде 140-тан астам оқиға тіркелді. Осы ретте автокөлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерді жолда барынша абай болуға шақырамыз. Себебі, қазір қозғалыс қиындаған. Барлық жүргізушіні жолда мүмкіндігінше мұқият болуын сұраймыз», – деді Полиция департаменті жергілікті полиция басқармасының бастығы Арман Айтмағамбетов.
Күн райы қолайсыздығын жолаушыларға ғана емес, мектеп оқушыларына да тигізді. Бүгін бірінші ауысымда оқитын балалар онлайнға ауысты. Мұндай ауа-райы тағы 2-3 күнге созылуы мүмкін. «Қазгидромет» мамандары алдағы күндері еліміздің барлық өңірінде қалың қар жауып, күн күрт суытады деп болжап отыр.
Кәмшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана