|
13.03.2024 | 15:50
241

Шымкентте көшелерді су басып қалды

Мамандар «жұмысымыз өнбей жатыр» деп шағымданды

Шымкентте көшелерді су басып қалды Almaty.tv

Түркістан облысы мен Шымкентте тоқтаусыз жауған жаңбырдан үй аулаларын су алып, көшелер көлге айналды. Ал оны тазартуға тиісті мамандар істің екі күннен бері өнбей жатқанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жауын суы көп жиналған жерде көліктің де, адамның да қозғалысы қиындаған. Маңайда су ағар арық жоқ. Роза Егембердиеваның айтуынша, судың исі қолқаны алады.  

– Алты жылдан бері осы жердің нанын жеп, бала-шағамды бағып жүрмін. Бірақ мұндай жауынды көрмедім. Шымкенттің бар суы ағып келді ме, самсаханамызға дейін басып қалды? Кәріз суы, иісі қолқаны алады. Азанда ниеттеніп, самса пісірдік, ешқайсын сата алмадық, – деді қала тұрғыны Роза Егембердиева.

Ал көшені жаңбыр суынан тазартып жатқан мамандар «жұмысымыз өнбей жатыр» деп шағымданды. Толарсақтан келетін суды үздіксіз тазарттық деген жұмысшылар ирригациялық жүйенің дұрыс жүргізілмегенін жеткізді.

– Түнгі сағат 2:00-ден бастап су тарту жұмысымен айналысып жатырмыз. Жаңбыр жауған сайын су мөлшері артады. Жердің астына жіңішке құбыр тасталған, – деді «Жасыл жер» ЖШС қызметкері Ерлан Жаңабай.

Тұрғындар аумақтың көлге айналуы жылдағы жағдай десе, аудан әкімі мәселе жаңа мешіт бой көтерген соң басталды дегенді алға тартып отыр. Рахымберді Мүлкеманов мәселенің шешіліп, қайталанбайтынына сенімді.

– Мешіт салынғалы бері осы мәселе туындап отыр. Төтеншеліктердің көмегімен, суды сору, тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Одан бөлек Нұртаста, зообақ алдында су жиналады. Мотопомпалар, арнайы техникалар бар. Суды арнайы бұрылысқа сорып, жұмыс жасап жатырмыз, – деді Қаратау ауданының әкімі Рахымберді Мүлкеманов.

Айта кетейік, жағдай Түркістан облысында да оңып тұрған жоқ. Нөсер жауыннан аймақтағы Сарыағаш, Жетісай, Мақтарал және Сайрам аудандарындағы аулаларды су басқан. Әзірге зардап шеккен тұрғын-жайлар туралы нақты ақпарат түскен жоқ.

Назерке Үкібасова, Ильдар Жунусқанов, «Алматы» телеарнасы, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Қарағанды облысында 150 елдімекенді су басуы мүмкін

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир