Алматыда су басу қаупіне қарсы арнайы жасақ құрылды

Алматыда су басу қаупіне қарсы арнайы жасақ құрылды
Алматыда су басу қаупі бар 5 өзен бақылауға алынды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда су басу қаупі бар 5 өзен бақылауға алынды. Төтенше жағдай орын ала қалса, әрекет ететін арнайы жасақ та құрылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Төтеншеліктердің айтуынша дәл қазір қала аумағында 5 өзен сел қаупін тудырып тұр. Бірақ олардың барлығы бақылауға алынған. Солардың бірі – Қарғалы өзені. Дәл қазір оны арнайы техника мұздан аршып жатыр. Арнайы шараның арқасында 1,5 шақырым жер мұздан аршылып, қауіпсіз болып саналады.  

Алматының арнайы қызмет өкілдері көктемгі су тасқынына дайындығын тексерді. Екі күнге созылған «Көктем-2019» республикалық командалық-штабтық оқу жаттығу шарасы арқасында қаладағы барлық ауданның арық жүйесі мен су ағарлары қоқыстан тазартылды. Шараға 80 дана ауыр техника мен 400-ден астам маман жұмылдырылды.

«2 жылда істелген жұмыстың нәтижесінде 55 учаскеде қауіп жойылды. Қазіргі Алматы қаласы бойынша 12 учаске ғана қалып отыр. Оның алтауы Алатау ауданында, екеуі Наурызбай ауданында, төртеуі Жетісу ауданында. Қазіргі кезде Алатау ауданындағы 4 учаскеде арық жүйесін салудың жобалық сметалық құжаттары дайын, екеуіне биыл дайындалады. Қалған 6 участокты көктем айында қарап бақылайтын боламыз», – деді Алматы қаласы ТЖД басшысының орынбасары Ерлан ӘЛІБЕКОВ. 

Алатау ауданына қарасты бірнеше ықшамаудандағы мәселе қазір толығымен шешілген. Жауаптылардың айтуынша, қалған аумақтардағы жұмыстар осы жылы қолға алынады.

«Құрылысшы ықшамауданында бар, Қарасу ықшамауданында толығымен мәселе шешілді. Енді бақылауда тұрған 6 участок бар. Сол мәселені шешу бойынша жұмыстар жасалып жатыр. Жобалық-сметалық құжаттамаға тапсырма берілді», – деді Алматы қаласы Алатау ауданы көріктендіру бөлімінің бас маманы Мақсұт НҰРҒАЛИЕВ.

«Наурызбай ауданы құрылған кезде небәрі 21 шақырым арық жүйесі болса, осы төрт жыл ішінде тағы да 34 шақырымы салынды. Өткен жылы су басу қаупі бар Амангелді көшесі бойынша 1,3 шақырым арық жүйесі салынып, қауіп сейілді. Қазіргі уақытта Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасына 37 шақырым арық жүйелері құрылысын салуға тапсырыс берілді», – деді Алматы қаласы Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Асылхан ОРЫНБЕКОВ.

Наурызбай ауданы да жобалық-сметалық құжаттың дайындығын күтуде. 2015 жылы Қарғалы өзені бойымен жүріп өткен селдің салдары қазір толығымен жойылған. Арнайы тереңдетіліп, жағалаулары көріктендіріліпті.

«Қазіргі уақытта өзен жағалауларына толығымен көріктендіру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Осы Қарғалы өзеніне көктем айларында тазарту жұмыстары жүргізіліп тұрады. Оны арнайы «Қазселденқорғау» мекемесінің 18 техникасы, құтқару қызметінің 7 техникасы тазартып тұрады. Қазіргі уақытта сел алу қаупі жоқ. Өзен арналарын тазарту жұмыстары жалғасуда», – дейді Асылхан ОРЫНБЕКОВ.

Арнайы оқу-жаттығудың арқасында Қарғалы өзенінің Алатау ауданына қарасты бір жарым шақырым аумағы мұздан аршылды. Бұл жұмыс аяқтала салысымен, өзенді тереңдету жұмыстары жүргізіледі. Осылайша өзенге жақын орналасқан үйлерге төнген қауіп сейілмек. Жалпы, қызыл судың алдын алу шарасы аясында 50 шақырым қала өзендерінің арнасы бекітіліпті. Төтеншеліктер тұрғындарды тазалық сақтауға шақырады. Өйткені, былтыр Медеу ауданынының өзінен бір жүк көлігі тола пластикалық ыдыстар шығарылған.

Азамат Әуезхан, Мұрат Тайжан, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров