Шаһарда бір түнде 25 жол апаты тіркелген
Астаналықтар қардың уақытылы тазаланбай жатқанына наразы. Кешелі бері тоқтаусыз жауған ақ ұлпа тұрғындарды әбден әбігерге салды. Көше тұрмақ, үй аулаларында аяқ алып жүру мүмкін болмай тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Соңғы бір тәулікте Астанаға қар тоқтаусыз жауды. Ақ ұлпаның мөлшері әдеттегі нормадан көп. Тұрғындар бүгін таңнан әбігерге түсті. Жұмысқа асыққан жұрт діттеген жеріне жете алмай әлек болды. Қала көшелерінде көліктер қар құрсауында қалып жатты. Көлік түгілі, жаяу адамның да жүруі қиындаған.
– Аяққа жабысыса құлайсың. Қаланың шеті дұрыс тазаланбайды, – деді қала тұрғыны Мақпал Зәженова.
– Баламен жүрген өте қиын. Ылғи осылай деп айта алмаймын, бірақ соңғы аптада қарды тазаламады, – дейді қала тұрғыны Жанна Тоққұлова.
Астана кешелі бері қалың қар құрсауынан босамады. Қаланың коммуналдық қызметі табиғаттың тосын мінезіне дайын болмай шықты. Бүгін таңнан көлік қатынасы қиындап, тұрғындар жұмысқа жете алмай, әбігерге түсті.
Табиғаттың тосын мінезіне тазалық сақшылары тосылып қалып жатты. Коммуналдық қызмет күшейтілген режимде іске кірісті. Бірақ көшедегі жағдай әлі де толық реттелмеген. Жол жиектері тазаланбаған, аялдамалар мен тұрғын-үй кешендері ауласында жүріп-тұру қиындаған. Әкімдік мамандарының ақпарынша, соңғы 1 тәулікте 2 мыңға жуық техника қар тазалауға жұмылдырылған. Кешелі бері 37 мың текше метрден астам қар шығарылды.
– Қазіргі таңда әлеуметтік нысандарға апаратын жолдарға, аялдамалар мен негізігі көшелерге құм, тұз себу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Біз негізгі жолдарды ашып береміз, бірақ толығымен кіре алмаймыз. Өйткені қардың көп жаууы себепті үлгеруіміз керек, – деді Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Данияр Оңғар.
Тәулік бойына тоқтаусыз жауған қар жолдағы жолаушылардың да тыныштығын бұзып жатыр. Шаһарда бір түнде 25 жол апаты тіркелген. Тәртіп сақшылары жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден мұқият болуды сұрайды.
– Жол қозғалысы ережелерін, жылдамдықты шектеуді, қауіпсіз қашықтықты, маневр жасау ережелерін және бүйірлік аралықтарды қатаң сақтаңыз. Жүргізушілер ғана емес, жаяу жүргіншілер де ерекше сақтық шараларын сақтауы керек. Жолдан өткен кезде жақындап келе жатқан көліктердің жоқтығына көз жеткізіңіз, – деді Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлмира Шырахметова.
Қолайсыз күн райы мектеп оқушыларының да жоспарын бұзды. Балалар бүгінгі жаңа тоқсанды үйде бастады. Екінші ауысымдағы бастауыш сынып оқушылары қашықтан оқуға жіберілді. Қала маңындағы көлік қозғалысы да уақытша шектелді. Бірқатар республикалық маңызы бар автожолдар жабық. Бұл ретте елорда тұрғындарына қала сыртына қатынауға тыйым салынып отыр.
Кәмшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Алматы жолдарының сапасын бақылау күшейді