|
14.07.2023 | 18:45
958

Аптап ыстықтан қалай қорғануға болады - дәрігер кеңесі

Жедел жәрдем шақыратын азаматтардың саны да күрт көбейген

Аптап ыстықтан қалай қорғануға болады - дәрігер кеңесі Almaty.tv

Елімізде аптап ыстықтан адамдардың қан қысымы көтеріліп жатыр. Жедел жәрдем стансаларына қоңырау шалатындар саны да соңғы кездері күрт көбейіпті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биылғы шілде бұрынғыдан өзгерек. Екі апта бойы күннің қызуы қайтпай тұр. Әдетте салқын саналатын Астананың өзінде термометр бағамы плюс 37 градус көрсеткенімен, 42-43 градус ыстық сезіледі. Соңғы күндері, жедел жәрдем шақыратын азаматтардың саны да күрт көбейіпті. Жедел жәрдем стансасы 1,2 және 3-дәрежедегі шақыртуларға көмек көрсетеді. Мұнда қазір 11 оператор қоңырау қабылдап жатыр. Осындағы дәрігерлердің айтуынша, аптап ыстық басталғалы бері күніне түсетін қоңыраулар саны 2-3 мыңға дейін көбейген.

Бұрын бұл станса аптасына 21-23 мың қоңырау қабылдаса, күн ысығалы 25-26 мың шақырту алады екен. Тұрғындар көбіне қан қысымының көтерілуіне шағымданады. Жедел жеткен бригада сол жерде көмек көрсетуге тырысады, ал жағдайы ауыр науқастарды осында жеткізеді.

– Қалыпты күндері жүрек тамыр жүйесіне байланысты 100-ге жуық науқас жеткізілетін еді. Қазіргі уақытта 150-200-ге дейін көбейіп келеді. Оларда артериалық және жүрек қан қысымы көтерілген, – деді Жедел медициналық жәрдем стансасы Ақпараттық шұғыл диспетчерлік бөлімінің меңгерушісі Сабыр Нарқұлов.

Мамандар сағат 12:00-ден  16:00-ге дейін үйден шықпауға кеңес береді. Сонымен қатар, шомылатын жерге барғанда да абай болу керек. Себебі ыстық күнде инфекциялық аурулар да тез тарайды екен.

– Бірінші рет мұндай ыстық болып отыр. Шыдаймыз. Күнде көшеге шыға бермейміз. Бүгін ғана шықтық далаға, – деді қала тұрғыны Баян Сейдахметова.

– Орамалды сулап, төбемізге қоямыз. Сосын сөмкемізге қайтып салып алдық, – деді қала тұрғыны Құттықыз Қилыбаева.

– Үйден шықпау керек. Салқында жату керек. Суық су ішпеу керек. Әйтеуір білгенімізді істеп жатырмыз, – деді қала тұрғыны Шынар Зүбамбетова.

– Шыдамағанда не істейміз? Амал жоқ, шыдаймыз, – деді қала тұрғыны Айжан Сейдахметова.  

Ал синоптиктердің болжамына сенсек, жақын күндері жаңбыр жауады. Бірақ күннің ыстығы әлі қайтпайды. Солтүстікте ауа температурасы 33 градусқа дейін көтерілсе, орталықта 39, оңтүстік өңірде 40 градусқа дейін ыстық болуы мүмкін.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир