Тапқанымыз таксиге кетеді. Осылай деп шағым айтқан Алматы облысы Абай ауылының тұрғындары қалаға жақын тұрсақ та, қоғамдық көлік жүрмейді деп наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыға тиіп тұрған Абай ауылының халқы қоғамдық көліктен әбден тарыққан. Олардың айтуынша, елдімекенге автобус келмегелі жылдан асқан. Ары бері қатынау үшін такси жалдайтын олар көлікке сыймай қалатын кездері болады екен.
– Қаланың іргесінде тұрған Абай ауылында қоғамдық көлік жоқ. Бірақ қасымыздағы Райымбекке автобус жүреді. Қаланың ішіне қатынайды. Оның ар жағы Киз, Жалпақсай, тіпті Қаскелеңге қатынайды, – деді Абай ауылының тұрғыны Алмас Қалиев.
Көпшіліктің айтуынша,түйткілді мәселенің шешілуіне ақжағалылар атсалыспаған.
– Бізден төмен ауылдың бәрінде көшесі жап-жарық, автобустары қатынап тұрады, аялдама бар. Әкім бар ма, жоқ па, жұмыс істей ме? – деді Абай ауылының тұрғыны Ақмарал Елшін.
Абай ауылында 48 мың тұрғын бар. Жергілікті билік мәселемен таныс. Алайда бәрі бірден шешілмейтінін айтып, ақталды. Айтуынша, автобусты ауылға әкелуге тырысып-ақ жатыр.
– 341 маршрут осыған дейін жүрген. Ол тоқтағалы бір жылдан асты. Халық осыған көңілі толмай жатыр ғой. Таксидің бағасы автобустан 50 теңгеге ғана қымбат. Біздің ұсынымды Алматы қалалық мобилділік басқармасы қанағаттандырған жоқ. Енді өзіміз әрекетке көштік, – деді Райымбек ауылдық округі әкімінің орынбасары Ислам Ибатжан.
Осылайша, әкімдік өкілі ұсыныс бердік деумен ғана шектелді. Алайда жеке кәсіпкер өзінің автобусымен жолаушы тасымалдаймын десе, рұқсат етілетінін айтты. Ал тұрғындарға мәселе шешілмейінше, таксимен жүріп, амалдауға тура келеді.
Әлібек Шынтемір, Ернат Болатбек, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы