Алматыда көпбалалы ана көпшіліктен көмек сұрайды

Алматыда көпбалалы ана көпшіліктен көмек сұрайды
Тұрмыс тауқыметін тартып келе жатқан Валентина балалар үйінің түлегі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы Зерделі ықшам ауданында тұратын көпбалалы ананың жағдайы мүшкіл, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  4 бүлдіршінді бір өзі бағып отыр. Балаларының үлкені 15-те болса, кішісі 3 айлық. Одан бөлек, сал ауруына шалдыққан ұлы бар екен. Бүгінде бір бөлмелі баспананы жалдап тұрады. Айтуынша, пәтер кезегі мүлдем жылжымайды. Тұрмыс тауқыметін тартып келе жатқан Валентинаның туған-туысы жоқ. Балалар үйінің түлегі. Амалы қалмаған көпбалалы ана көпшіліктен көмек сұрап отыр.

Тілі былдырлаған бұл бүлдіршіндердің жалғыз арманы – ешкімге кіріптар болмай өз үйлерінде өмір сүру. Валентинаның бұдан бөлек  2 ұлы бар. Үй кезегіне 2014 жылы тұрыпты. Мамандарға жыл сайын барып, кезегін сұрап әлек. 4 баламен бір бөлмеде пәтер жалдап тұрудың оңай еместігін айтады. Анасының іштегі мұңын түсінетін жалғыз осы ересек Рамазан ғана. Бүгін бауырларын қарап, анасына көмектесемін деп сабақтан да қалып қойған.

«2006 жылы кәмелет жасқа толғаннан кейін жетімдер үйінен шықтым. Содан бері не жатахана не баспана берілмеді. Тұрмысқа да шығуым сәтсіз болды. 4 балам бар. Әкелері тастап кетті. Мына бір бөлмеге 70 мың теңге төлеп жалдап тұрамыз», – дейді көпбалалы ана Валентина ДАНЫШЕВА

Нұржан – үйдегі екінші ұл. Туғанынан сал ауруына шалдыққан балаға ерекше күтім керек. Айына бірнеше мәрте массажға апару оңай емес. Ананы қинайтыны да сол – тұрмыстық қиыншылық. Ақша тапшылығынан массажға бара алмаған жағдайда үлкен ағасы осылай аяғын уқалап,  өзі амал қылатын көрінеді.

Валентина мына қуықтай ғана бөлмені 4 баласымен жалдап отырғанына 5 жылдан асыпты. Үй иесі пәтерді сатуына байланысты босатып беруін сұрап отыр. Енді оның 1 ай ғана уақыты бар. Көпбалалы ана алдағы айда қайда барарын білмей дал.

Алматы қаласының тұрғын үй саясаты басқармасы бұл жағдайдан хабардар екен. Қазір Валентина сынды әлеуметтік жағдайы төмен 25 мың отбасы үй кезегінде тұр.

«Бүгінгі күнгі кезекшілігі 756-болып тұр. 2014 жылы үй кезегіне мүгедек бала асырушы ретінде кезекке тұрған. Бұл кісінің баспаналы болуы кезек реттілігімен шешіледі. Өйткені заңға сәйкес кезекке тұрған азаматтардың құқықы тең», – деді  Қалалық тұрғын үй саясаты басқарма басшысының орынбасары Айбек САЙДІЛДАЕВ

Валентина бірнеше банктен несие алған. Уақытылы төлемегені үшін,  карталарының бәрін бұғаттап тастапты. Мұқтаж отбасыға қандай да бір көмек берем дейтін жомарт жандар болса, экранда көрсетілген нөмірге хабарласуларына болады.

Ұлағат АРҒЫН, «Алматы» арнасы

Новости партнеров