Астанада қалың қар салдарынан бір күнде 181 жол апаты тіркелді

23.12.2022 02:49

Шаһарда кешелі бері жол қозғалысы қиындап, кептеліс екі есеге артқан

Almaty.tv

Астанада қалың жауған қар салдарынан бір күнде 181 жол-көлік апаты тіркелді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шаһарда кешелі бері жол қозғалысы қиындап, кептеліс екі есеге артқан. Тәулік бойына жалғасқан қолайсыз ауа-райы жолдағы жүргізушілермен қоса тұрғындарды да әбігерге салды.

Ақ ұлпаның қалың түсуі астаналықтарды әбігерге салды. Кеше кешке жауып бастаған қар салдарынан таңға дейін қалада 60-қа жуық жол апаты тіркеліпті. Ал кешке дейін бұл көрсеткіш әлдеқайда ұлғайған. Қала көшелеріндегі жол жабылып, қозғалыс қиындады. Қалың жауған қар қоғамдық көлік жұмысына да кедергі келтіріпті.

«2022 жылдың 21-22 желтоқсан аралығында ауа райының өзгеруіне байланысты 1000-нан астам арнайы техникалар мен 2000-нан астам қолмен тазалау техникалары жұмылдырылды. Өткен тәулікте 181 жол апаты тіркелсе, сағат 18:00-ден таңғы 06:00-ге дейін 58 жол-көлік оқиғасы тіркелген», – деді Полиция Департаментінің ресми өкілі Нұралы Тәңірбергенов.

Елорда полициясы көлік жүргізушілеріне ескерту жасады. Қозғалыс кезінде белгіленген жылдамдық режимін қатаң сақтауды талап етті. Мұнымен қоса, жаяу жүргіншілерге де ерекше сақ болу қажеттігін айтады. Тайғақ жолда темір тұлпардың тоқтауы да қиын. Сондықтан барынша абай болуды ескертеді тәртіп сақшылары. Ал «Қазгидромет» мамандары елдегі қолайсыз ауа райы әлі де сақталады деп отыр.

«Республиканың басым бөлігінде бұрқасынмен бірге қар сақталады. Елдің шығысында қалың қар жаууы мүмкін. Барлық аумақта тұман күтіледі. Оңтүстікте, оңтүстік-шығыста көктайғақ болып, жел күшейеді. Тек елдің батысында, оңтүстік-батысында солтүстік-батыс антициклонының әсерінен күн жауын-шашынсыз болады», – деді «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Смағұлова.

Қыс мезгілі коммуналдық қызмет мамандары үшін нағыз қарбалас шақ екені белгілі. Көшедегі қардың уақытылы тазаланбауы жолда кептіліс тудырып, қозғалысты шектеп жатады. Мұндай көрініс бас қалада әр қар жауған сайын болады дейді астаналықтар. Тұрғындардың сөзінше, табиғат тосын мінез танытқанда коммуналық қызмет мамандары тосылып қалады екен.

«Көліктер тұрып қалады. Жұмысқа жете алмай қаламыз. Қардың көп жауғанынан көліктер шыға алмайды. Тек орталық көшелерді ғана тазалайды», – деді қала тұрғыны Ақтоты Әбділбаева.

Биыл елде қытымыр қыс қаһарлы басталды. Соңғы 2 айда республикалық маңызы бар автожолдарда 150-ден аса қозғалыс тоқтаған. 500-ден аса жолаушы діттеген жеріне жете алмай қалыпты. Бұл ретте «күн райының болжамын елемей сапарға шығып кететіндер де аз емес», - дейді мамандар.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы