Елімізде республикалық маңызы бар күре жолдардың 46 учаскесінде көлік қозғалысына шектеу қойылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Табиғаттың тосын мінезі жолаушылар қауымын тосылтып қойды. Бүгін таңнан жолға шыққан халық осылай күре жолда қаңтарылып тұр. Ақтүтек боран әбігерге салған жұртты тәртіп сақшылары сабырға шақырып жүр. Күн райының бұзылатынын естіп, ескертуді елемей қар құрсауында қалып қойғандары да бар.
– Сағат 9:00-де келгенбіз, әлі тұрмыз. Жол қашан ашылатыны белгісіз, – деді Зайсан қаласының тұрғыны Руслан Қабылбаев
Қолайсыз күн райы астаналықтардың да жоспарын бұзды. Тұрғындардың бірі жұмысына кешіксе, тағы бірі оқудан қалды. Қала маңына қатынайтын бірнеше бағыттағы автобус бағдарларының қозғалысы тоқтатылған. Қарлы боранды күні тәуліктің алғашқы бөлігінде-ақ 87 жол-көлік апаты тіркелді. Тәртіп сақшылары темір тұлпар тізгіндеген азаматтарға жолда барынша сақ болуға шақырды.
– Астана қаласы Полиция департаменті білім беру мекемелері мен адамдар көп жиналатын орындар маңында патруль бағытын күшейтті. Қосымша күш тартылды. Полицейлер жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Жүргізушілер қозғалыс кезінде мүмкіндігінше мұқият және сергек болуы керек, – деді қалалық ПД баспасөз қызметінің бастығы Гүлмира Шырахметова.
Елордалық бастауыш сынып оқушылары сәрсенбідегі сабағын онлайн режимде үйде оқитын болады. Астана ғана емес, Шығыс Қазақстан, Абай облыстары, Семей, Павлодар қалаларындағы білім ошақтары қашықтан оқу форматына көшкен. Мұнымен қоса ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңызы бар жолдардың 46 учаскесінде көлік қозғалысына шектеу енгізілді.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда 12-18 ақпан аралығында ауа райы қандай болады