|
09.08.2024 | 19:27
7300

Көліктердің терезесі сынды: Астанада бұршақ аралас жаңбыр жауды

Жарақат алып, медициналық көмекке жүгінгендер де болған

Көліктердің терезесі сынды: Астанада бұршақ аралас жаңбыр жауды Almaty.tv

Астаналықтарды кешелі бері толассыз жауын әбігерге салып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бармақ басындай бұршақ жауып, көшедегі көліктерге зақым келтірген. Әйнектері шағылып, темір тұлпарларының жарық шамы істен шыққан жүргізушілер жолда қалып жатты. Жарақат алып, медициналық көмекке жүгінгендер де бар екен арасында.

«Қандай шара қолданарымды білмеймін, келген шығын шамамен 1 млн-нан асады. Жап-жаңа көліктердің әйнегі сынған, төбесі майысқан. Қайда барамыз, кім жөндеп береді, ол жағы белгісіз. Жауын басталғанда біз үйіміздің жанында тұрған тұраққа жете алмай қалдық. Тәртіп сақшылары жолды жауып тұрғандықтан, өткізбеді. Амалсыз жауынның астында қалдық, көліктеріміз зақымданды», - дейді қала тұрғыны Тимур Мамешов.

Кеше Хамит Аманжоловтың да салы суға кетті. Бас қалаға қонақ болып келген ол мұндай боларын тіпті ойламаған едім дейді. Есік алдына қойған көлігі бүлінген. Темір тұлпарының алдыңғы әйнегінен түк қалмаған. Енді азамат Павлодарға қалай қайтарын білмей отыр.

«Бұршақ емес, біреу қиратып кетті ме деп ойладым. Сосын қарасам, барлық көліктің жағдайы осындай екен. Әйнегі қираған, тесілген. Ешқандай ұйымға шағым түсірген жоқпын», - дейді Павлодар облысының тұрғыны Хамит Аманжолов.

Ауа райының қолайсыздығынан медицина мамандарының көмегіне жүгінгендер де болыпты. Сол күні жолда қалып қойған екі тұрғын жедел жәрдем қызметіне хабарласыпты. Денсаулық сақтау басқармасындағылар «егде жастағы әйел мен 6 жастағы баланың жағдайы қалыпты» дейді. Ауруханаға түскендер тіркелмепті. Ал жоғарыда айтқан материалдық шығынға байланысты мамандар былай дейді:

«Табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан зардап шегіп жатқан азаматтар болса, келтірілген зиянды өтеуге арнайы ереже бар. Алайда ол - тек мемлекет не үкімет ТЖ жариялаған кезде ғана қолданылатын ереже. Қазіргі жағдайда Астанада өткен бұршақ қысқа мерзімге созылып, өтіп кеткен», - дейді адвокат Нұрлан Жолболов.

Бұрын-соңды бас қалада бұлай жаумаған бұршақ жердегі ғана емес, көктегі көліктерге де кесірін тигізіпті. Табиғаттың тосын мінезінен Air Astana компаниясының 4 бірдей ұшағы істен шыққан. Салдарынан бүгінге жоспарланған рейстер кешіктірілген екен. Жағдайға байланысты жолаушыларға ескерту берілген. Ал әуе компаниясы ұшақтардың жөндеу жұмысы бірнеше күнге созылатынын хабарлады.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, "Алматы" телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир