|
20.02.2023 | 21:17
4196

Әбігерге салды: Ұзынағаш ауылында 50-ге жуық үйді су басты

Тұрғындар өз баспанасын тастап кетуге мәжбүр

Әбігерге салды: Ұзынағаш ауылында 50-ге жуық үйді су басты Алматы телеарнасы

Алматы облысының Ұзынағаш ауылында 50-ге жуық үйдің ауласын су алып, кей баспананың қабырғасы ажыраған, деп хабарлайды Almaty.tv.


Қыс аяғы қыжалат болдық деген дүйім ел билік өкілдері әлі келіп көмек бермеді деп отыр. 50 мыңға жуық халқы бар Ұзынағашта бұл жағдай жылда қайталанады дейді жұрт.

Қызыл су тұрғындарды әбігерге салғалы айдан асыпты. Тіпті баспанасын тастап кетуге мәжбүр болғандар бар. Төрт баланың анасы Таңнұр Тұрлыбаева қазір пәтер жалдауыма тура келді дейді.

«Менің үйімді 4 жылдан бері су басып келеді. Үйдің іргетасы ажырап, кірпіштері ашылып, құлайын деп тұр», – дейді Ұзынағаш ауылының тұрғыны Таңнұр Тұрлыбаева.

Тірнектеп тауып, қазығын қағып салған тамды сатуға да қойдым. Бірақ үйді көруге келгендер сыртынан-ақ теріс айналады дейді.

«Әкімдік бізге қалай да шешімін тауып берсін. Балаларға обал болды, кеше балам су болып келді. Киімін қашанғы кептіре береміз, балам ауыратын болды», – дейді Ұзынағаш ауылының тұрғыны Құралай Пішайынова.

Ұзынағаш халқы бұл мәселені меңзеп, биліктен көмек сұрағалы да жылдар болған екен. Әкімдік өкілдері де су басқан үйлердің барын растайды. Алайда алдын-алу шарасының жүргізілмеуін былай деп сылтауратып отыр.

«Осы күнге дейін тазартылмаған. Жердің беті тоң болғандықтан, техника жерді қазу жұмыстарын жүргізе алмады. Соның салдарынан, осындай жағдайға тап болдық», – дейді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Абзал Нұрпейісов.

Бүгінде елу мың халқы бар елдімекенге облыстық құтқару қызметі, әскери қызметкерлерді қосқанда жүзге тарта жұмысшылар апаттың алдын алу үшін жұмылдырылды дейді ауыл әкімі.

«Әр тұрғынға төтенше жағдай туралы ескертілді. Үйлерді су басқан жоқ, тек ауланы ғана басты.  Сараптама жасап жатқанымызға 15 күн болды», – деді Ұзынағаш ауылдық округінің әкімі Бақыт Бейсенбеков.

Бүгінде  Ұзынағаш ауылдық округі бойынша 10 шақты ірі техника, 5 мотосорғыш, 2 экскаватор арық арналарын ашуға кірісіпті. Алайда еріген қар суының мөлшері көп болғандықтан үлгермей жатырмыз деп сендірді.

Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тілепперген, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир