Ұлытау облысында боранда адасып кеткен қос малшының бірі өлі күйінде табылды. Ал екінші азаматтың қайда кеткені әлі де белгісіз. ТЖМ іздеу жұмыстары жалғасып жатқанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ведомство мәліметінше, 12 күн ішінде аязда далада қалған мыңнан аса адам құтқарылған. Олардың дені - республикалық немесе облыстық маңызы бар тас жолда қалып қойған.
Биылғы қаңтардағы аяз маңызды деген жолдардың жабылуына, қозғалыстың шектелуіне себеп болды. ТЖМ дерегіне сүйенсек, өткен тәуліктің өзінде 73 адам далада қалып, кейін эвакуацияланған. Жыл басынан бері республика бойынша 1550 азамат құтқарылған.
«Ел аумағында ауа-райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар 1 автожол жабылды. Дизильдік, қоғамдық автокөліктер үшін облыстық маңызы бар автожолдың 3 учаскесінде қозғалыс шектелді», – деді ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы Данияр Дүйсембаев.
«Казгидромет» мәліметінше, алдағы күндері Қазақстанның оңтүстігі мен шығыс бөлігінде аяз әлі де жалғасуы мүмкін. Алматының өзінде ауа температурасы 25 градусқа төмендейді.
«Суық арктикалық антициклон өз траекториясын республиканың шығыс, оңтүстік өңірлеріне бағыттайды, сол себептен жауын-шашынсыз аязды ауа-райы күтіледі. Оңтүстікте ауа температурасы 22-31, елдің оңтүстік-шығысында 23-36 градусқа дейін төмендейді», – деді «Казгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Исмағұлова.
Сықырлаған аяз салдарынан үсік шалу диагнозымен ауруханаға түсіп жатқан адамдар да бар. Мысалы, өткен тәулікте Астанада 8 адам дәрігерге жүгініп, екеуі ем-дом қабылдауға жатқызылған. Алматы мен Жетісу облысында әзірге мұндай дерек тіркелмепті. Алайда дәрігерлер ауа-райының қолайсыздығына байланысты сақ болуға шақырады.
«Бұл кезде көп тұрғындар ойлайды, тауда қалып кеткен жағдайда алкогольдік ішімдіктерді ішеміз деп. Алкогольдік ішімдік ішкен кезде онсыз да тарылып тұрған қан тамырлар одан әрі тарылып, үсіктің 2-дәрежесінен 3 пен 4-ке ауысуы мүмкін. Ол кезде, өкінішке қарай, аяқ-қол болсын, дәрежесіне байланысты ампутация жасайды», – деді №7 қалалық клиникалық ауруханасының травматолог дәрігері Жасұлан Арғынбаев.
Қыстық етік, қалың күртеше мен қос қолғап және малақай кию. «Бұл — осы бір аязды күндерде үсіктен сақтанудың ең қарапайым, алайда міндетті тәсілі» дейді дәрігерлер. Бірақ мұның өзі ауа температурасы минус 30, минус 40 градусқа төмендесе көмектеспеуі мүмкін. Сондықтан ТЖМ алдағы күндері далада ұзақ серуен құрмауға кеңес берді.
Оразай Нұтайұлы, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы