ШҚО-да 30 адам қар құрсауынан құтқарылды

Almaty.tv
Almaty.tv
Өңірде бір тәулік ішінде қардың айлық нормасының 42 пайызы түскен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шығыс Қазақстандықтар тағы да қар құрсауында қалды. Өңірде бір тәулік ішінде қардың айлық нормасының 42 пайызы түскен. Ат құлағы көрінбейтін ақ түтек боранда автокөліктер бұзылып, жолда қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қылышын сүйреген қыс қаһарына мініп шалғай шығыстағы елді әбден әбігерге салды. Мұндағы желдің екпіні секундына 28 метрге жетіп, қардың қалыңдығы 25 сантиметрден асқан. Қарға қамалған тұрғындар көшеге шыға алмай отыр. Қоғамдық көліктердің қатынауы да қиындаған.

Көлікпен жолға шыққандар қалың қардан діттеген жеріне жете алмаған. Төтеншеліктер мен тәртіп сақшыларының бірлесіп, Өскемен-Тарғын-Самара тасжолында 15 автокөлік пен 30 адамды құтқарды. Ал Алматы-Өскемен жолында қалған 15 жүргізуші мен жолаушылар көлікгін тастап, арнайы техникамен эвакуацияланды.

– Қалың қар және қатты жел әсерінен жолда қалған 192 бірлік автотранспорт шығарылды, оның ішінде 48 жүк көлігі, 148 жеңіл көлік және 2 автобус бар, – деді «Қазсервис» жол компаниясы облыстық филиалының директоры Еркін Даумов.

Өңірде 52 бірлік арнайы жол техникасы жұмылдырылған. Мамандардың тәулік бойы жасаған қарқынды жұмыстарының нәтижесінде Өскемен-Семей, Омбы-Майқапшағай, Қалжыр-Теректі республикалық маңызды тас жолдары ашылды. Алайда тағы 10-ға жуық маңызды автожол әлі жабық.

– Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында патрульдік полиция нарядтары тәулік бойы қызмет атқарады, жол қозғалысына қатысушыларға, қар тұтқында болған, төтенше жағдайға тап болған жүргізушілерге көмек көрсетеді. Сөзбе-сөз айтқанда, біз күректерді алып, қазып, шығарамыз, – деді облыстық Полиция департаменті ЖПҚ басқармасы бастығының орынбасары Андрей Ларинов.

Коммуналдық қызметкерлер көшелерді тазартқанымен ақ ұлпа қайта-қайта жауып жатыр. Қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтауға шақ тұр.

Айта кетейік, ақұлпаны аршуға 100-ден астам техника тартылған.

Әйкерім Пернебек, Руслан Мухамедьяров, «Алматы» телеарнасы, ШҚО-дан

Оқи отырыңыз: Еңбек қауіпсіздігі: қандай салаға қосымша әлеуметтік төлем енгізіледі

Новости партнеров