Ал Шымкентте нөсер жауыннан аулалар суға толып, жұртты әбігерге салды. Ол аздай қала көшелері көлге айналып, жаяу жүргіншілер тұрмақ, темір тұлпарлардың жүріп-тұруы қиындады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Қатты жел мен қар салмағын көтермеген ағаштар құлап, көліктерді басып қалған.
Шымкенттің ең үлкен проблемасы – арық-атыздардың жоқтығы. Неге екені белгісіз тиісті органдар жол саларда су ағарларды құнттамайды. Осындай салғырт тірліктің салдарын қала тұрғындары тартып жатыр. Әр нөсер жауын немесе қалың қар қала көшелерін көлге айналдырады. Көбінің бұл тіршілікке көздері үйреніп те қалған.
БЛИЦ:
1. Жаңбыр жауған кездерде осылай су басады. Енді машиналар жайлап өтіп жатыр.
2. Осы жерде қар жауғанда, жабыр жауғанда да, су болады. Жолды жөндесе дұрыс болар еді. Өйткені су жан-жаққа шашырап, лай судан рөлдегі адам ештеңені көрмей, авария да болуы мүмкін ғой.
Қалалық төтеншеліктердің мәліметінше, 26 ақпаннан 27-сіне қараған түні қала аумағында жауған жауын-шашынның салдарынан бірнеше үйдің ауласына жаңбыр суы жиналған. Өрт сөндіру бөлімдері мен жедел-құтқару жасағының бөлімшелері Абай, Әл-Фараби, Қаратау аудандарында суды шығару жұмыстарын жүргізген. Бір түннің өзінде Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері 1500 текше метрден астам су шығарғанын мәлімдеді.
«Кеше ауа-райының күрт өзгеруіне – жаңбырдың арты қарға ұласуына байланысты ТЖД-ға көптеген қоңырау түсті. Соның ішінде атап айтатын болсақ, 33 қоңырауға біздің ТЖД-нің 118 қызметкері мен 25 дана техникасы жұмылдырылды. Сонымен бізден мотопомпалар көшелердегі және үйлердедің ауласындағы суды соруға көмектесті», – деді Қалалық ТЖД бастығының орынбасары Ерғали БАҚАЕВ.
Құтқарушылар бүгін таңнан бері құлаған талдарды аршып, астында қалған көліктерді де шығаруда. Әсіресе, көпқабатты үйлердің ауласындағы опырылған ағаштарды жинап, жолды ашып берді. Табиғаттың тосын мінезіне төтеп беру тек құтқарушылардың ғана қолынан келіп тұр. Қала әкімдігі көшелердегі суды сору, ирригация жүйесін жөнге келтіру жайын кейінге ысырып, жауаптан да жалтарды. Есесіне тұрғындардың көмек сұрай соққан қоңырауы толастар емес.
Ардақ Жақсылықова, Нұрболат Әмір, «Алматы» телеарнасы, Шымкенттен