Қазақстанның бірнеше өңірлерінде дауылды ескерту жарияланды. Бүгін жел соғып, қатты жауын-шашын мен жаяу бұрқасын болады дейді синоптиктер. Сондай-ақ, тұман түсіп, көктайғақ болуы мүмкін. Ал, Алматыда демалыс күндері ауа райы қандай болады? Бұл сұраққа дәл қазір Almaty.tv арнасында тікелей байланысқа шыққан «Қазгидромет» Алматы қалалық филиалы метеорологиялық болжау бөлімінің инженер-синоптигі Гүлтаңсық Медеуова жауап береді.
– Гүлтаңсық ханым, қайырлы кеш! Еліміздің біраз өңірлерінде дауылды ескерту жарияланып жатыр. Ал, Алматыға қара суық қашан түседі деп болжанып отыр?
– Солтүстік батыс аудандардан Қазақстан Республикасының территориясына келіп жеткен өте суық ауа массасына байланысты облыс көлемінде ауа райы айтарлықтай өзгерді. Көп өңірлерде штормдық ескертулер жарияланды. Алдағы күндерде де ауа-райы тұрақсыз болады. Ашық ауа-райы өте жиі жауын-шашынды күндерге ұласуы мүмкін. Бұл суық ауа массасының Республиканың оңтүстік шығысындағы таулы аудандарға жетіп, фронттарды күшейтуінен болып саналады.
– Ал, алдағы демалыс күндері қалада ауа-райы қандай болады? Қар қалың жауып, көктайғақ болуы мүмкін бе?
– Алдағы күндерде Алматы облысының территориясында ауа-райының тұрақсыз болуы мүмкін. Ауа температурасы түнгі уақытта 5-10 градус 0-ден төмен. Ал, күндізгі сағаттарда максималды ауа температурасы 6-11 градус аралығында болады. Түнгі және таңғы сағаттарда тұман түсіп, қар жамылғысы жерді толық жаппағанымен, жердің үстіңгі қабатының қатуына байланысты жолдарда көктайғақ болып, жол жүрісіне айтарлықтай қиындық туғызуы мүмкін. Сондықтан автокөлік иелеріне және қала тұрғындарына жолда жүргенде барынша мұқият болуға кеңес беріледі. Сонымен қатар, таулы аудандарға шығуға кеңес берілмейді. Себебі ол жақта қар жамылғысы өте қалың және ауа температурасы қалаға қарағанда айтарлықтай төмен.
– Жақсы. Гүлтаңсық Әбдіманапқызы. Ауа-райы болжамын бөліскеніңізге рахмет!