Жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде нормадан жоғары болады деп болжануда
2026 жылғы наурыз айына арналған консультативтік синоптикалық болжамға сәйкес, ай жылы әрі жауын-шашынды болады, деп хабарлайды Almaty.tv «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.
Ауа температурасы елдің басым бөлігінде климаттық нормадан шамамен 1° жоғары болады деп күтіледі. Ал республиканың оңтүстік-шығыс бөлігінде (Жетісу облысының көп бөлігінде, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының оңтүстік-шығыс жартысында, Абай облысының қиыр оңтүстік-шығысында) нормаға жуық болады.
Жауын-шашын мөлшері де еліміздің көп өңірінде нормадан жоғары болжанып отыр. Ал Ақтөбе, Ұлытау облыстарында, Маңғыстау, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Қызылорда облыстарының басым бөлігінде, Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарының шығысында, Түркістан және Жамбыл облыстарының солтүстігінде норма шамасында болады.
Ай бойы Қазақстан аумағында ауа райы құбылмалы болады. Кей күндері қатты жауын-шашын түседі: елдің солтүстік жартысында негізінен қар жауса, батыс және оңтүстік өңірлерде жаңбыр мен қар аралас жауын күтіледі. Сондай-ақ желдің күшеюі, жаяу бұрқасын, тұман және көктайғақ болуы мүмкін.
Наурыз айының алғашқы жартысында да ауа райы тұрақсыз болып, аязды күндер мен жылымық алмасып отырады.
Қазақстанның солтүстік, шығыс және орталық өңірлерінде наурыз айы әлі де қыс мезгілінің жалғасындай болады. Қар жауып, боран соғып, көктайғақ пен тұман жиі байқалады. Дегенмен кей күндері көктемнің лебі сезіледі. Айдың алғашқы онкүндігінде түнгі температура -28…-38°С-тан -5…-10°С-қа дейін, күндіз -10…-20°С-тан 0…-8°С-қа дейін біртіндеп жылынады. Онкүндік соңында қайта суытуы мүмкін.
Батыс өңірлерде де наурыз құбылмалы болады. Ай бойы суық пен жылылық алмасып отырады. Алғашқы онкүндікте түнде ауа температурасы -5…-15°С-тан 0…-5°С-қа дейін, күндіз 0…-8°С-тан -3…+7°С-қа дейін өзгереді.
Еліміздің оңтүстік бөлігінде алғашқы онкүндікте түнде температура -8…+2°С, күндіз +5…+15°С дейін көтеріледі.
Айдың екінші және үшінші онкүндіктерінде солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде түнгі температура -3…+2°С-тан -8…-15°С-қа дейін, кей жерлерде -20…-25°С-қа дейін, ал күндіз +5…+13°С пен 0…-8°С аралығында құбылады.
Ал оңтүстік-батыс және оңтүстік аймақтарда кей күндері ауа температурасы +13…+22°С-қа, ал еліміздің қиыр оңтүстігінде +27°С-қа дейін жылынуы мүмкін. Антициклон әсерінен қысқа мерзімді суық толқындары да байқалуы ықтимал.
Оқи отырыңыз: Алматыда 2-8 наурыз аралығында ауа райы қандай болады